Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Доланалы ауылының маңында жоғалып кеткен 4 жасар бала аман-есен табылды, – деп хабарлайды Basnews.kz.
Кеше таулы аймаққа отбасымен бірге саңырауқұлақ теруге барған Богдан Хименко ата-анасынан адасып қалған еді. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, кинологтар және тәртіп сақшылары мен еріктілер атсалысты. Балақай түн жарымда табылып, дәрігерлердің қолына табысталды. Медициналық тексерістен кейін мамандар оның денсаулығы жақсы екенін айтып, үйіне қайтарды.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы облысының ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті тұрғындар, саны 100-ден астам азаматтар және 1 іздестіру иті дереу кірісті.
Іздеу нәтижесінде сағат 23:30-да бала жоғалған жерден 3 км қашықтықта табылды және дәрігерлердің тексерісінен кейін ата-аналарына тапсырылды. Қазіргі уақытта баланың денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейді», – делінген облыстық ТЖД хабарламасында.