Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МАҚТА САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҮКІМЕТКЕ ҰСЫНЫСТАР ЖОЛДАНДЫ

Түркістан облысында туындаған мақта мәселесін шешу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиын өтті. Оған Сыртқы істер министрлігі, Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев арнайы қатысты. Сондай-ақ мақта зауыттарының басшылары мен диқандар да болды. Басқосуда жыл сайын қайталанатын өзекті мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылды.
– Биыл мақта бағасы нақты белгіленбей әрі тұрақсыз болып, салдары осы саладағы агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Бұған мақта саласының шикізат күйінде экспортқа бағытталып, өңірде тоқыма тігін кластерін дамыту тиісті деңгейде қолға алынбауы да себеп болуда. Аталған мәселе жылда қайталанады. Осыған байланысты агроқұрылымдарды қолдап, мәселені жүйелі шешудің жолын қарастырған жөн. Біздің шаруалар шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді болып отыр. Бұл мәселе жылда қайталануда. Бүгін бірінші кезекте осы саладағы барлық проблеманы талқылап, қорытынды жасау үшін жиналып отырмыз. Алдағы уақытта ұсыныстарды нақтылап, орталық үкіметтік орган басшыларын өңірге шақырамыз. Шаруалармен, мақта зауыты басшыларымен тағы да кездесеміз. Біз өңір шаруаларының өз жұмысын жүргізіп, отбасыларын асырауларына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүдделіміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Шитті мақта саласы тек шикізат күйінде экспортталатындықтан мақта бағасы шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді. Осыдан арылу мақсатында және шетелдік трейдерлік компаниялардан тәуелсіз жұмыс істеу үшін өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажет. Бұл жөнінде Үкіметтің алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне қарау үшін ұсыныс енгізілетін болады. Осыған орталық атқарушы органдарға бірқатар мәселелерді назарға алып, оң шешілуіне ықпал жасауы сұралды. Өйткені мақта мәселесін тек облыс әкімдігі деңгейінде шешу мүмкін емес. Оны кәсіпкерлер де мәлімдеп, саладағы проблемалар бойынша ойларын ашық айтты.
Елімізде мақта кластерін, жеңіл өнеркәсіп (тоқыма, тігін) саласын дамыту мақсатында «Мақта саласын дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының қабылдау, инвестициялық субсидия арқылы мақта өңдеу зауыттарын, қайта терең өңдеуді оның ішінде тоқыма, тігін фабрикаларын салу мен кеңейту, құрал-жабдықтарын алу, реконструкциялау жөніндегі жаңа паспортын енгізіп, инвестициялық шығынды 50% өтеу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Мақта талшығының бағасын анықтап, мақта зауыттарынан сатып алу мүмкіндіктерін ұсыну жағы да айтылды. Сонымен бірге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақ мерзімді үлкен көлемдегі несие беруді қарастыру мәселесі көтерілді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на мақта талшығын экспортаушы кәсіпкерлерге үшін Мақтаарал – Достық (Алашанькоу) станцияларының аралығында қажетті көлемде вагонды мерзімінде бөлу және мақта талшығын тасымалдау шығынын 50% төменгі бағада белгілеу ұсынылды. Сауда және интеграция министрлігіне мақта талшығын экспорттау көлемін ұлғайту және инвесторларды қолдау мақсатында темір жол, жүк көлігі тарифтерін 50% төмендету мүмкіндіктерін қарастыруды, Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетіне мақта талшығын импортаушы елдердегі (Түркия, Қытай, Белорусь, Ресей, Чехия, Өзбекстан, Молдова, Латвия, Белгия, Германия т.б.) елшіліктермен бірлесіп, мақта кластерін дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесі көтерілді.
Түркістан облысы – республикада мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір. Бұл салада 25 мыңға жуық агроқұрылым еңбек етеді. Биыл мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 330,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 305 мың тонна немесе 93% жиналды. Шитті мақтаны қабылдау үшін 22 мақта өңдеу зауытының 187 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Зауыттар шитті мақтаны 200 – 250 теңгеден алдын ала төлем жұмыстарын жүргізуде. Бұл агроқұрылымдардың өзіндік шығынын ақтамай отыр.
Биыл шитті мақтаны сатып алу бағасы төмен болып, агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Оның негізгі себебі – әлемде болып жатқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілер күрделеніп, тасымалдау шығындары бірнеше есе өсті. Бұл мақта сатып алушы шетелдік компаниялардың (трейдерлердің) Қазақстан нарығына сұраныстарын төмендетіп, шитті мақта бағасының тұрақсыздығына алып келді.
Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінгі күнге Ливерпуль биржасында орта талшықты мақта бағасының 1 тонна баға көрсеткіші 93,75 индекс, яғни шитті мақтаның болжамдық бағасы 231,9 мың теңгені құрап отыр.

Мақта — бағалы талшықты дақыл. Ол халық шаруашылығының әр саласында түрлі мақсатта пайдаланылады. Ең бастысы, мақта — тоқыма өнеркәсібі үшін негізгі шикізат. Мәселен, бір тонна шитті мақтадан 330-360 кг. талшық, 550-580 кг тұқым және 30-40 кг қысқа талшық алынады. Мақтаның ұзын талшықты сорттарынан әр түрлі маталар — бәтес, сәтен, маркизат тоқылады. Орташа есеппен алғанда, 1 тонна шитті мақтадан 3000 метр мата тоқуға болады. Мақтаның қысқа талшықтарынан целлюлоза, пластмасса, фотопленка, медицинада қолданылатын мақта, жанғыш пілте, жасанды жібек және басқа бұйымдар дайындалады. Мақта талшығынан тігін машиналары үшін жіп, арқан, электр орағыш және басқа да заттар алынады. Мақтаның тұқымында 20-25% дейін май болады, сондықтан 1 тонна шитті мақтадан 100-110 кг жоғары сапалы май алынады. Мақта майы тамақ, консерв, парфюмерия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Мақтаның 1 тонна тұқымынан 400-420 кг күнжара алынады. Оның құрамында 40% -ға жуық ақуыз бар, сондықтан ол мал азығы үшін де пайдаланылады. Бірақ, күнжараның құрамында улы зат — госсипол болады, сол себепті оны тәулігіне 2-3 кг мөлшерінде ғана ірі қара малға береді, ал шошқаға беруге болмайды. Мақтаның 1 тоннасынан 380-400 кг тұқым қабығы шығады. Ол әтил, метил спирттерін, лак, қағаз, органикалық қышқылдар, целлюлоза және басқа заттар алуға пайдаланылады. Мақтаның сабағы (қоза) отын ретінде қолданылады. Отамалы дақыл болғандықтан, егіншілікте мақта дәнді және басқа даңылдарға жақсы алғы егіс болып есептеледі. Қазақстандағы жалғыз талшықты дақыл — мақта. Ол тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана өсіріледі. Мұнда 2006 жылы мақта 204,0 мың гектар жерге егілді, оның әр гектарынан 23,0 центнерден түсім алынды, жалпы 470 мың тонна мақта жиналды.

Мақтаның түрлері мен сорттары. Мақтаның екі түрі өсіріледі: Бірінші түрі — орташа талшықты кәдімгі немесе мексикалық мақта. Оның кесегі ірі, жұмыр, жоғарғы жағы үшкір, қауашағы 3-5 жерден алынады, әр көсектің қауашағында 5-10 дана тұқымы бар. Талшығының сапасы жоғары, ұзындығы 30-35 мм, жіңішкелігі 17-20мкм. Екінші түрі — жіңішке талшықты перу немесе мысыр мақтасы. Оның көсегі ұсақ конус тәріздес, ұзынша келеді. Қауашағы 3-4 ұялы, онда 5-8 жалаңаш тұқым бар. Талшығының сапасы жоғары, ұзындығы 38-40 мм, жіңішкелігі 12-18 мкм.
Қазақстанда негізінен мақтаның орта талшықты сорттары өсіріледі. Оңтүстік Қазақстан облысында 2006 жылы мақтаның Киргизский-3, С-4727, С-6524, С-4908, 108-Ф, Пахтарал-3031 және 3044 сорттары аудандастырылған.

Мақта талшығының технологиялық сапасы. Мақта шаруашылықтарының алдындағы тұрған басты міндеттерінің бірі — оның талшығының технологиялық сапасын жақсарту. Оған мына көрсеткіштер жатады. Талшық өнімінің көлемі — құрғақ шитті мақтадан алынған таза талшықтардың салмақ пайызы. Әдетте, бұл көрсеткіш 30-40% шамасында болады. Талшықтың ұзындығы — арнаулы тақталарда мақта тұқымының жоғарғы үштен бір бөлігінде ширатылған талшықты тарағаннан кейінгі миллиметр есебімен алынған ұзындық. Өсіру жағдайына және сорттардың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты талшықтың ұзындығы 25-40 мм аралығында болады. Метрлік нөмір — 1 грамдағы барлық талшықтардың метр есебімен алынғандағы жалпы ұзындығы. Мақтаның сортына байланысты бұл көрсеткіш 5000-8000 метрге дейін ауытқып отырады. Талшықтың жіңішкелігі — метрлік нөмірмен анықталады. Оның көрсеткіші 7-10-км аралығында болады. Талшықтың орташа үзілу күші бір талшықты үзуге жұмсалатын Ньютон есебімен алынған күшті оның мықтылығы немесе талшықтың орташа үзілу күші деп атайды. Бұл күштің мөлшері — 0,040-0,69 Н. Талшықтың үзілу ұзындығы — оның метрлік нөмірін мықтылығына көбейткендегі метр есебімен алынған көрсеткіші. Талшықтың пісуі — оның ішкі қуысының азайып, целлюлозамен толыққан кезі. Осы көрсетілген технологиялың сапаларына қарай талшықтан тоқылатын маталардың түрлерін анықтайды.

Сыртқы ортаның факторларына қойылатын талаптар. Мақта — жылу сүйгіш өсімдік. Оның тұқымы топырақ 10-12°С-қа жылынғанда өне бастайды. Бірақ бұл температура оның көктеп шығуы үшін жеткіліксіз. Өскіндердің біркелкі бітік болып шығуы үшін тұқым сіңірілген тереңдіктегі температура 14-16 °С шамасында болуы керек. Мақтаның өсу бойы кезеңінде дамуына қолайлы температура 25-30 С. Ауаның температурасы 25 °С-тан кем немесе 36-37 °С-тан артық болса, өсімдіктің дамуы баяулайды, ал температура 0 °С-тан төмен түссе ол мақта үшін өте қауіпті. Өсу жағдайына, түріне, сортына байланысты мақтаның толық пісіп-жетілуі үшін 2800-3600°С белсенді температура қажет. Мақтаның транспирациялық коэффициенті 500-600-ге тең. Мақта тек суармалы жерлерде ғана жоғары өнім береді. Суды ең көп қажет ететін мезгілі — гүлдену-жеміс құру кезеңі. Мақта қара, қызыл-қоңыр және сұр топырақтарда жақсы өніп-өседі. Оған қышқыл және батпақты топырақтар қолайсыз.

Алғы дақыл. Мақтаның ең жақсы алғы дақылы — жоңышқа қыртысы мен оның аударылған құйқасы. Жоңышқа топырақты органикалық заттармен, азотпен байытады. Осының нәтижесінде топырақ құрылымы жақсарып, оның құнарлылығы жоғарылайды. Сонымен қатар жоңышқа топырақты екінші рет тұзданудан сақтайды және мақтаның негізгі ауруы — солдырманы азайтады. Мақта өте жылу сүйгіш дақыл болғандықтан, Қазақстанда өсірілетін ауданы шектелген, яғни оны ауыспалы егісте бір орынға бірнеше жыл қатарынан қайталап отырғызуға тура келеді. Ғылыми мекемелер мен озық шаруашылықтардың тәжірибесі органикалық және толық минералды тыңайтқыштарды қолданса, ауыспалы егісте мақтаның меншікті салмағын 70-75%-ға жеткізіп, бір танапта қатарынан 5-6 жыл сепкенде, оның өнімділігі төмендейтіндігін дәлелдейді.

Тыңайту. Мақта егісіне минералдық тыңайтқыш енгізудің мөлшері жоспарланган өнімге, топырақтағы қоректік заттардың қорына, қолданылатын агротехникалық шараларға байланысты. Шитті мақтаның 1 тоннасы топырақтан 40-50 кг азот, 15-20 кг фосфор және 60 кг калий сіңіреді. Осы алынған элементтердің орны топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштарды қолдану арқылы толтырылады. Мақта өсіп-дамуының алғашқы кезеңінде қоректік заттарды аз мөлшерде пайдаланады. Атап айтқанда, көктеп шыққаннан бүрлену кезеңіне дейін барлық пайдаланылатын азот пен фосфордың 3-4% -ын, ал калийдің небәрі 2-3%-ын сіңіреді. Аталған қоректік заттарды ең көп мөлшерде пайдаланатын кезең — гүлденуден жап-пай піскенге дейін. Осы уақыт ішінде азоттың 65-70%-ын, ал калий мен фосфордың 75-80% -ын пайдаланады. Мақтаны өсіргенде, осы көрсеткіштерге сүйене отырып, берілетін минералдық тыңайтқыштардың мөлшері мен мезгілін белгілеу керек. Берілетін барлық азот тыңайтқыштарының 25% -ын егін себер алдында, ал қалған 75% -ын тұқым себу кезінде және үстеме қоректендіру арқылы берген дұрыс. Негізінен оған фосфор тыңайтқыштарының 75%-ы күзде сүдігер жырту алдында, 25% -ы үстеп қоректендіру кезінде беріледі. Алайда, Мақта арал тәжірибе станциясында мақтаның жақсы дамуына және фосфор тыңайтқыштарының ең жоғарғы тиімділігіне жыртылған жерге 20-30 см тереңдікте фосфор тыңайтқышының жылдық мөлшерінің 60%-ын, ал егу алдында 10-12 см тереңдікке оның 40%-ын енгізгенде қол жетті. Егін себу кезінде тұқыммен бірге әр гектарға әсерлі заттар есебімен 15-20 кг түйіршікті суперфосфат сіңірген жақсы нәтиже береді. Оңтүстік Қазақстан облысы жағдайында ауыспалы егіске фосфор берудің мөлшері бірінші және екінші жылы әр гектарға 140-150 кг, үшінші жылы 130-140 кг, ал одан кейінгі жылдарда 120-130 килограмнан болу керек.

Азоттың фосфорға арақатынасы жоңышқа қыртысы және оның аударылған құйқасы бойынша 1:1,5, үшінші жылы 1:0,8, ал кейінгі жылдары 1:0,6-0,7 болуы керек. Алайда, әрбір танапта фосфор берудің мөлшерін анықтағанда агротехникалық картограммалардың көрсеткіштеріне қарай өзгертулер енгізген жөн. Мақта егісі өсу кезеңінде екі-үш рет үстеп қоректендіріледі. Екі рет үстеп қоректендірілген жағдайда тыңайтқышты шанақтану мен гүлденудің басында, ал үш рет қоректендіргенде — 2-4 нағыз жапырақ шыққанда, шанақтану кезеңінде және гүлденудің басында беру керек. Үстеме қоректендіру ретінде берілген тыңайтқыштарды мақта өсімдігі жақсы сіңіру үшін оларды тамырларға жақынырақ орналастыру керек. Бұл арақашықтық тамыр жүйесінің өсуіне қарай алыстай түседі. Мысалы, 2-4 жапырақша пайда болған кезде минералды тыңайтқыштар қатардан 12-15 см қашықтықта және мүмкіндігінше тереңдеу, ал шанақтану кезінде қатардан 15-18 см қашықтықта 14-16 см тереңдікке енгізіледі. Үстеп қоректендіруді шілденің ортасына дейін аяқтау керек. Минералды тыңайтқыштардың тиімділігін арттыру тәсілдерінің бірі — оларды органикалық тыңайтқыштармен, әсіресе көңмен бірге беру. Көңді ауыспалы егісте жоңышқаны жыртқаннан кейін төртінші немесе бесінші жылы енгізген жөн. Оның мөлшері гектарына 20-40 тонна.

Топырақ өңдеу. Мақтадан жоғары және тұрақты өнім алудың маңызды шарттарының бірі — топырақ өңдеудің дұрыс жүйесін қолдану болып табылады. Ол күзде және көктемдегі егін себер алдындағы топырақ өңдеу жұмыстарынан тұрады. Күзде топырақты негізгі өңдеу тәсілі мақтаның алғы дақылдарына байланысты. Алғы дақыл жоңышқа қыртысы болған жағдайда жерді сыдыра жырту жоңышқаның көктеп кетуін тежейді. Жер ПЯ-3-35 соқасымен жыртылатын болса ғана оны сыдыра жыртқыштармен өңдеген дұрыс.

Қазіргі таңда технология жетістігінің арқасында мақта өндірісінің түрлері көбейді, шитті мақтаны өңделгеннен кейін, мақтаның көзектері, жапырағы, сабағы өнеркәсіптік маңызға ие. Бұлардан құрылыс пен мебель жасауға материал, арқандар, жіптер, лактар, қағаздар және т.б. өнімдер дайындалады. Жергілікті тұрғындар мақтаның қалған көзектері мен қозасын малға жем ретінде және жылынуға отқа тамызық ретінде пайдаланады.

2011 жылы оңтүстіктегі шитті-мақта терімі тамыз айында басталып, ерте жиналған мақтаның бағасы да қымбат және сапасы да жоғары болып, әр килосына 105 теңгені құрады. Ал жауын-шашынға қалса, оның сұрыпы төмендеп кетеді.

Мақта терудің әдеттегіден ерте басталу себебі: біріншіден, мақталы алқаптар күзде жыртылып, жердің соры қыста қар суымен шайылып, агротехникалық шаралар толығымен дер кезінде орындалды. Мақтаның шиті сәуірде себіліп біткен. Ең бастысы, мақта егуде жаңа технология қолданылып, бірқатар шаруалар осы жолы американдық әдісті тәжірибеге алды. Оңтүстіктегі мақтаның шығымына бірінші ауа-райының қолайсыздығы ретінде, жаңбырдан соңғы қатқалақтан қатты әсері болады. Қазіргі кездегі американдық тәсіл бойынша әр ұяға 4 дана тұқым салынып, бір жерде топталып көгерген өскін қалай да болмасын қатқалақты жарып шығады. Мұндай әдіс мақтаның шитті-мақтаның өнімділігін арттырады.

Әр гектардан 7-8 мың теңге үнемделсе, жалпы шамамен 700-800 миллион теңге үнемделеді.

Жаңа технологияның арқасында өнімділікті де көбейіп, гектарына 20 центнерден өнім алынуда.

Мақта қозасының түп саны оның өсіп дамуына әсерін тигізіп, өнімділікті арттыратын негізгі фактордың бірі болып есептеледі. Өсімдікті тиімді орналастыру арқылы түсімділігі жоғары өнімге қол жеткізуге болады. Бұл үшін әр аймақтың топырақ құнарлылығын, тұздану дәрежесін, жер асты суларының деңгейін, сумен қамтамасыз етілу дәрежесін, қолданылатын агротехникалық шаралардың деңгейін және себілетін мақта сорттарының өзіндік ерекшеліктерін есепке алып, ғылыми зерттеулерге негіздеу қажет.

Мақтаның өнімділігін арттыру мен оның сапасын көтеру көптеген факторларға, генетикалық мүмкіншіліктері мол, жаңа отандық сұрыптарды өндіріске енгізу, бәсекеге қабілетті етуде пісіп жетілу мерзімі 121-124 күн, талшықтарының ұзындығы 33,5-34 мм. Пахтаарал-3044, 3031 және М-4005 жаңа сұрыптар Оңтүстік Қазақстан облысында аудандастырылды.

Отандық жаңа мақта сорттарының морфологиялық және биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, мақта егістіктерінің жүйек аралығын қысқартуға болады. Бұл сорттардың ерекшелігі – көп мөлшерде жер асты суларын пайдаланудан тамырларының күшті дамуының арқасында топырақтан керекті қоректік заттарды алады. Соның есебінен су мен минералды тыңайтқыштар үнемделеді.

Бүгінде барлық мақта егістіктері 90 сантиметрлік жүйекаралықпен егілуде. Көпжылдық зерттеулер көрсеткендей 1 гектар жерге ең тиімді түпсан көлемі 120 мың дана мақта қозасы болып есептелінеді. Аталған түпсанды 70 сантиметр жүйекаралықпен орналастырсақ, әр гектардан 0,22 гектар жер үнемдеуге болады. ОҚО-да бұл көрсеткіш 35-40 мың гектарды құрайды. Осы технологияның есебінен мақта өндірісінің көлемін азайтпай, 18-20 пайыз көлеміндегі бұрын мақта егілген суармалы жерді босатып алуға болады және оған кететін шығынды үнемдеуге қол жеткізіледі. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының біздің өңірдегі шитті-мақтаның өнімділігін арттыруда жасаған еңбектері қазіргі уақытта өз жемісін беруде.

Қазiргi тәжiрибеде полиэтилендi пленка қолданысқа кеңiнен енгiзiлуде. Су тапшылығы жағдайында мақта қозасының жүйек аралықтарына өсімдік қалдықтары мен полиэтилен пленкаларын төсеу арқылы ылғалдылықты сақтаудың маңызы өте зор және мақтаның ылғалдылығын сақтауда тамшылатып суаруда өз нәтижесін көрсетті.

Бұл агротехникалық шара топырақтың жоғарғы қабатындағы судың булану үдерісін 35 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетеді.

Жүргізілген тәжірибе жұмыстары нәтижелеріне сүйенсек, жүйекаралыққа жабылған полиэтилен пленкасы топырақ қабатындағы ылғалдылықты буланудан сақтайды. Топырақтың қызуын қамтамасыз етіп, мақта қозасының өсіп-дамуында тиімділік танытады. Сондай-ақ жыл сайын әр гектарға 2-3 тоннадан бидай сабанын төсеу топырақтың құнарлылығын арттырады.

Полиэтилен пленкасын пайдаланудың пайдасы: бiрiншiден, жердiң құнарлылығы артады, екiншiден, өнiмділік жоғарылайды, үшiншiден, арамшөптердiң өсуiне кедергi жасайды. Сонымен қатар, агротехникалық жұмыстарды жүргiзу шығынын қысқартады. Өнiмнiң сапасы артып, экологиялық таза өнiмді нарыққа ұсынуға мүмкiндiк бередi.

Бұл агротехнологиялық іс-шара арзан болғандықтан ұсақ шаруашылықтарға да, үлкен агроқұрылымдарға да тиiмдi.

Жалпы, мемлекетіміздің суармалы егіншілік саласында әлі шешілмеген мәселелер өте көп. Үкімет соңғы жылдары ауыл шаруашылығына, оның ішінде суармалы егіншілікке табысты жұмыс жүргізу үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Сондықтан жаңа технологияларды өндіріске ендіру

  • бүгінгі күннің басты талабы. Ғылыми негізделген жаңалықтарды, жаңа технологияларды өндіріске енгізу мол және бәсекелестікке қабілетті өнім өндірудің кепілі.

Оңтүстiк Қазақстан облысында 1 миллиондай адам шиттi мақта өндірісімен тікелей байланысты. Соңғы 5 жылда өнiмнiң сатып алу бағасы өте төмен болатын. 2011 жылы Ливерпуль биржасындағы таза талшықты мақта бағасы 1750 доллар көтеріліп, өткен жылдармен салыстырғанда баға қымбаттады.

Кеңес Үкіметі кезінде шитті-мақтаны теруге мектеп оқушыларының еңбегі қолданылатын, ал қазіргі кезде ҚР-ның заңы бойынша қатыстыруға болмайды.

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықты жұмыспен қамту Бағдарламасын ауқымды түрде жүзеге асыруға көшу керек деген міндет қойды. 2012 жылы аталмыш бағдарламамен 112 мыңнан астам қазақстандықты қамту жоспарланды «Менің тапсырмам бойынша Үкімет халықты жұмыспен қамтуға бағытталған түбегейлі жаңа бағдарлама бекітті. 2011 жылы Бағдарлама ілкі жоба ретінде іске қосылып, 60 мыңға жуық адам қатысушы атанды. Барлық дайындық жұмыстары, заңнамалық базаға қатысты жұмыстар аяқталды. Енді осы маңызды бағдарламаны іске асыруға көшу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, ағымдағы жылы осы бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыруды қолға алуды тапсырамын», – деп мәлім етті Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Бұл бағдарлама ең алдымен, халықтың тұратын жері бойынша оқуға, жұмысқа орналасуға, өз ісін ұйымдастыруға көмектесуді, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, олардың экономикалық белсенді өңірге өз еркімен қоныс аударуына көмектесуді көздейді.

Елбасының тапсырмасын орындау үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар, жұмыссыздар және тұрмысы нашар халықпен бірге, жалдамалы жұмысшыларға да қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру көзделген. Және де, қазіргі ережелер бойынша Бағдарлама аясында шағын несиелерді тек ауыл тұрғындары үшін ғана беру жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс орталықтарынан басқа қала тұрғындары үшін шағын несие беру туралы ұсыныс айтылуда.

Ауылдарда жұмыс орындарын ашу үшін ауылды елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жөндеу, ауылдарды абаттандыруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру арқылы бағдарламаға жаңа төртінші бағыт енгізу ұсынылуда.

Мақта терімі маусымында Өзбекстаннан келетiн жалдамалы жұмысшыларға арнайы шектеу қойылып, 2011 жылы квота бойынша көршi елден 1400 адамның келiп, науқандық терiмге қатысуына рұқсат берiлген.

Елбасының халыққа Жолдауда көрсетілген басты мәселесі елдегі жұмыссыздарды жұмыспен қамту. Осы бағытта тек Өзбекстаннан келетін жұмыс күшін күтпей, Кеңестік Қазақстанда болған үрдіс маусым кезінде, жұмыссыздарды уақытша мерзімдік жұмыспен қамтудың бағдарламасын жасау және оны жүзеге асыру өз тиімділігін береді.

Қазіргі уақытта облыс бойынша шитті-мақта егудегі үлес салмақтың 90% шаруа қожалықтарының үлесінде, болашақта мұндай үрдістердің іс-әрекеттері кооперациялау арқылы сақталады. Облыста, яғни Қазақстан бойынша шитті-мақта өсіруден, бірінші орынды Мақтаарал ауданы алады. Облыстағы мақта өсіретін шаруашылықтардың (52,8%), Мақтаарал ауданында орналасқан, ОҚО барлық жиналған шитті мақтаның 54% осы ауданның еншісінде. Соңғы жылдары Ордабасы ауданының мақта танаптары ұлғайып, облыстағы екінші орынды 32,2% осы ауданның үлесінде. Облыстағы мақта шаруашылықтарының көбісі, мақта танаптарының көлемдерінің ұлғайту себебі, 2003 жылы 1 кг шитті-мақтаның бағасы 90 теңгені құрауы болды. Осы негізде кейбір аудандағы бақша дақылдары мен көкөніс егілетін жерлерге мақта егіліп, өнім жиналды. Ал 2004-2006 жылдардың арасында 1 кг шитті-мақтаның 45-55 теңгені құраған, 2007 жылы облыс көлеміндегі баға 1 кг шитті-мақта 52 теңгені құрады. 2008 ж. 46-48 теңге көлемінде, 2011 ж. 130 теңге құрады.

Мақта өндірісінің өнімдері “валюталық” болып саналады. Мақта өндірісінде еңбек ететін шаруалар осы дақылды өнімділігін арттыру арқылы өздерінің тұрмыстық жағдайларын түзеуге мүмкіндік мол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button