АБАЙ АУДАНЫНДА 214 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Мазарат аймағы ретке кетілріліп, ағаш отырғызылады. Сондай-ақ кәріз жүйесінің мәселесі де шешімін табады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданының тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Аудан халқы алдына келген басшыға одан өзге жол, жарық, су, көгілдір отын сынды күрмеулі мәселелерін жеткізді.
Бұл жолғы кездесуінде Мұрат Дүйсенбекұлы аудандағы шағынаудан халқын бөліп жармай алыс-жақын елдімекен тұрғындарын жиып, жыл басынан бері атқарған жұмыстарын баяндады. Айтунша, тұрғындар тарапынан үш мыңға жуық мәселе көтеріліпті. Қазіргі таңда оның жартысынан көбі шешімін тапқан. Әсіресе әлеуметтік салада жұмыс ілгерілеген.
Бүгінде үшінші мегаполисте 200 ден аса қария қарттар үйін күнелтеді. Мұрат Дүйенбекұлы қарттар үйінің бүгінгі кейпі талапқа сай емес екендігін айтып, жалғыз ілікті баспанасыз қарияларға арналған 50 орындық ғимарат бой көтеретінін жеткізді.
Кездесу барысы сұрақ жауапқа ұласты. Олардың арасында сабыры таусылып әкімнен көмек сұрағандар да болды. Бірі жарық пен жолды айтса, енді бірі кәріз мәселесін шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар аурухана, балалар ойын алаңшасы, жол кедергілері, бейне бақылау камерасы, қоғамдық көлік сынды күрмеулі мәселелер айтылды.
Жаңа әуежайды халықаралық стандартқа сай ету үшін оның айналасында 100 ге жуық тұрғын үй сүрілуі тиіс еді. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл мәселені арқалай келгендерге Мұрат Дүйсенбекұлы үй қожайындарына алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, сабырға шақырды. Тұрғындардың баспанасы бүгін-ертең сүрілмейтінін жеткізді.
Жалпы биыл Қайнарбұлақ, Асар-2 шағынауданын электр жарығымен қамту жұмысы жүріп жатыр. Оған мердігер мекеме анықталып, 3,7 миллиард теңге қаржыда бөлініп қойған. Ал, Достық шағынауданында 3 трансформатор қойылып, жыл соңына дейін 400 абонент сапалы электр жарығын тұтынатын болады. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Асар-2, Қайнарбұлақ, және Нұршуақ шағынаудандарын көгілдір отынмен қамту жұмысы аяқталады. Нәтижесінде 6 мыңнан аса абонент сапалы газбен қамтылмақ. Сондай-ақ ағымдағы жылы 214 көше жарықтандырылып, 300 көшеге бейнебақылау камерасы орнатылады.



