Жаңалықтар

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАЙ ЖЕРДЕ АРЗАН?

Шымкентте азық-түлік бағасы жауаптылардың жіті бақылауында. Әсіресе, халық көп тұтынатын тауарлар құны көтерілмейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тоқсан бойы белгіненген бағадан аспайды. Мәселен, бүгінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімге отырған дүкендерде нан 90 теңгеден болса, жұмыртқаның бір данасы бар болғаны 42 теңгеден сатылады. Мұндай төмен бағада қай жерден сауда жасауға болады? Ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған пресс-тур барысында әріптесім біліп көрді.  

Бұл «Маркет» дүкендер желісінің екінші нүктесі. Ашылғанына төрт жылға жуықтаған сауда орталығы былтырдан бері «Шымкент Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» келісімшарт орнатқан. Бүгінде бір жылға 0,1 пайызбен қаржы алып, айналымын арттырып отыр. Соның нәтижесінде мұнда 11 тауар түрі нарықтан төмен бағада сатылады.

«Асар» шағын ауданынының тұрғыны Диана Қалметова бүгін «Шымкент ситидегі» әлеуметтік дүкенге соқты. Мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың төмен бағада екенін білетін көпбалалы ана 2 мың теңгеге сауда жасады. Ол өзі тұратын аулада да осындай сауда орындарының ашылғанын қалайды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 19 түрлі тауар жатады. Олардың бағасы әр тоқсан сайын белгіленеді. Бүгінде бірінші сұрыпты ұнның келісі 175 теңгеден, ал одан жасалған нан 90 теңгеден сатылады. Ал рожкидің келісі 285, күріш 439, картоп 171,  сәбіз 145, пияз 180, қырыққабаттың бір келісі 80 теңге деп белгіленген. 1 литр күнбағыс майы – 750 теңге, жұмыртқаның данасы 42 теңге болса, ас тұзы 48 теңге.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында 100-ден астам кәсіпкерлік субъектісімен келісім-шарттар түзілген. Бұл жобаға қазіргі уақытта Магнум, Грамад дүкендер желісі мен тағы бірнеше маркеттер қосылған. Жыл соңына дейін әлеуметтік сауда орындарының санын ұлғайту жоспарланып отыр.

Келісімшарттар қант, ұн, жұмыртқа, нан және сиыр мен тауық етінің бағасы тауар өндірушілермен айналым бағыты бойынша 1 жылға бекітіледі. Ал көкөніс өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде өсіп кетпес үшін форвардтық келісім-шарт түзіледі. Күзде пісетін көкөніс өнімдері бойынша 2 000 тоннаға форвардтық келісім-шарт түзіліп, 2023-2024 жылдары маусымдық кезеңде нарыққа шығарылады.

Қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар тауарларды тиімді бағада тұтынуға болатынын біліп жүргені маңызды. Ірі сауда желілерінде аталған тауарларға арнайы бұрыш берілген. Азық-түлікке қаражатты аз жұмсағыңыз келсе, жәрмеңкеге де баруға болады. апта сайын Қаланың 8 жерінде күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылады. Жалпы Шымкент шаһарында Ауыл шаруашылығы және ветеринария бюасқармасының мәліметінше, азық-түлік тауарының тапшылығы жоқ, баға әркез бақылауда!

Басқа жаңалықтар

Back to top button