Жаңалықтар

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бойынша 250-ге жуық жоба мақұлданды

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда әрбір аудан және ауылдық округ әкімдеріне үлкен жауапкершілік пен ізденіс, еңбекқорлық керек. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаның қаражаты тиімді жұмсалуы тиіс. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық отырысында осы мәселеге арнайы тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша баяу қимылдап, көш соңында қалған аудан әкімдерінің, жауапты басқармалардың жұмысын сынға алды.

– Аудандар мен қалаларды аралап, әкімдермен, елмен кездесіп жүрміз. «Ауыл аманаты» жобасын үйлестіру жұмыстары әлі де төмен деңгейде. Жартыжылдық бітіп жатыр, баяу жүруде. Осы жобаға қатысты басқармалар, қаржылық мекемелер, «Ырыс» қаржы ұйымы, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, әкімдер, кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтары жұмысты жандандыруы тиіс. Тұрғындарға құжат дайындауға, жобаларын жүзеге асыруға көмектесіңіздер. Жобаның сәтті жүзеге асырылуына тікелей жауаптысыздар. Бұл – Мемлекет басшысының назарында тұрған аса маңызды тапсырма. Мемлекет ұсынған қаржы тиімді жұмсалып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беруі қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Бекмұратов пен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның төрағасы Ф.Байдуллаевтың есептері тыңдалды.

Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд. теңге, наурыз айында республикалық бюджетті нақтылауда қосымша 8,9 млрд. теңге қарастырылып, жалпы 19,8 млрд. теңге бөлінді. Облыс бойынша негізгі 6 бағытты қаржыландыру көзделуде. Нәтижесінде 3 220 бірлік жобаға қолдау көрсетіліп, кемінде 3413 бірлік жаңа жұмыс орындары құрылады. Несие қаржысын таратушы ретінде сенім білдірген өкіл «Түркістан ӘКК» АҚ-ы белгіленді. Өтінім қабылдау «Түркістан ӘКК» АҚ-ы еншілес мекемесі «Ырыс»ШНҰ» ЖШС арқылы жүргізілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button