БастыЖаңалықтар

«Реал» «Барселонаны» жеңіп, көш бастады

Испания чемпионатының 11-турында орталық матчта каталониялық «Барселона» Мадридтің «Реалын» қабылдады, деп хабарлайды degeneken.kz.

Бірінші тайм басында 6-минутта алаң иелерінен Илкай Гюндоган «Барселонаны» алға шығарды.

Екінші кезеңде 68-минутта «Реал» сапындағы жартылай қорғаушы, 20 жастағы ағылшын Джуд Беллингем алыстан қақпа бұрышын дәл көздеді. 92-минутта ол командасына жеңіс әперді – 2:1.

Осы ойыннан кейін «Реал» 28 ұпаймен турнир кестесінде көш бастады. «Жиронаның» да 28 ұпайы бар. Ал жаңа маусымдағы 14 матчта алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татқан «Барселона» (24 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр.

Джуд Беллингем жаңа маусымда барлық турнирлердегі 13 матчта 13 гол және үш нәтижелі пастың авторы атанды. Бұл – ТОП-5-ке кіретін Еуропа біріншіліктеріндегі жартылай қорғаушылар мен қорғаушылар арасындағы үздік көрсеткіш.

Айта кетейік, Беллингемді «Реал» «Боруссиядан» (Дортмунд) 103 млн еуроға сатып алған еді. Онымен жасалған келісімшарт 2029 жылдың маусымына дейін күшінде болмақ. Transfermarkt интернет-порталының деректеріне қарағанда, қазір ойыншының құны шамамен 120 млн еуроға бағаланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button