Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін айыппұл салыну мүмкін
Қазақстанда айыппұлдың жаңа түрі енгізілуі мүмкін. Мұндай түзетулер зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заң жобасында қамтылған, – деп хабарлайды degeneken.kz.
Құжатта көптеген маңызды түзету бар, соның ішінде авторлық құқықты бұзғаны үшін айыппұл салу. Айта кетейік, бүгінде авторлық құқықты бұзғаны үшін азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қылмыстық кодекстің 198-бабы бойынша ең төменгі жаза (“авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзу”) 80 АЕК-ке дейін (2024 жылы 295 360 теңге) айыппұл түріндегі жазаны, ең жоғары жаза – 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
“Қазіргі уақытта авторлық құқықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі пысықталып жатыр”, – деп хабарлады Әділет министрлігі.
Бұдан басқа, заң жобасында көзделген түзетулер:
- Авторлардың және өзге де құқық иеленушілердің құқықтарын нақтылау (ретрансляция бойынша);
- көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған жұмыстарға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында авторлардың құқықтарына шектеулерді толықтыру;
- көрсетілетін қызметті алушылардың өтінімдері бойынша тауар белгілерін жедел тіркеуді енгізу;
- белгілеуді тауар белгісі ретінде тіркеуге қарсылық беру мерзімін ұлғайту (1 айдан 2 айға дейін);
- патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін олардың мамандануына сәйкес ажырату;
- аттестаттау және апелляциялық комиссияны уәкілетті орган жанындағы патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі мәселелері жөніндегі комиссияға қайта құру туралы;
- тауар таңбаларын тіркеуден бас тарту негіздерін нақтылау;
- ресми сараптама сатысында өнертабысқа патент беруден бас тарту мүмкіндігін белгілеу.