Жаңалықтар
Мемлекеттік меншікке қайтару: Алматы облысындағы 8 су шаруашылығы нысаны бойынша шешімнің мәні неде?
Алматы облысында 8 су нысаны мемлекеттік бақылауға қайтарылды. Бұл шешім 2024 жылы жеке басқарушы компаниялармен жасалған келісімшарттар талаптарының бұзылуы анықталғаннан кейін қабылданды. Оның ішінде 5 нысан сот арқылы, ал үшеуі өзара келісім негізінде қайтарылды.
Қай нысандар мемлекеттік меншікке қайтарылды?
Сот арқылы қайтарылған нысандар:
•Есік көлі бөгеті,
•«Саз Талғар 7»,
•«Байсерке 2»,
•«Ворошиловское»,
•«К 3».
Келісім негізінде қайтарылған нысандар:
•«Терен Қара» (жоғарғы),
•«Саз Талғар 4»,
•«К30/1».
Қазір бұл нысандар облыс әкімдігіне қарасты «Алматы облводхоз» мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына берілді. Барлық нысан Талғар, Іле және Қарасай аудандарында орналасқан.
Су қоймаларын не күтіп тұр?
Нысандар мемлекеттік меншікке өткеннен кейін, билік оларды уақтылы жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Жоспарланған шаралар қатарында:
•Дамбаларды нығайту және су жіберу шлюздерін жөндеу,
•Су қоймаларының жағдайын, әсіресе су тасқыны кезеңінде, бақылауды күшейту,
•Нысандарды тұрақты мониторингтен өткізу.
Сонымен қатар, су қоймаларын әрі қарай пайдалану үшін жеке инвесторларды тарту көзделуде.
Мысалы, «Есік көлі бөгеті» мен «Терен Қара» нысандарына 23 млрд теңгеден астам инвестиция тарту туралы келісім жасалды, ол 210 жаңа жұмыс орын ашуға мүмкіндік береді.
Бұл шаралар өңірдің ауыл шаруашылығын және тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, туристік инфрақұрылымның дамуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде облыс экономикасына оң әсерін тигізеді.
Сондай-ақ, туризм мен балық шаруашылығын дамыту жоспарланып отыр, бұл аймақтық бюджетке түсетін қаржылық жүктемені азайтуға көмектеседі. Осы тұрғыда жеке инвестицияларды тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және шағын бизнесті дамытудың маңызы арта түседі.
«Біздің басты мақсатымыз – су ресурстарын тиімді пайдалану. Нысандарды мемлекеттік басқаруға қайтару олардың уақытылы жөнделуіне және дұрыс пайдаланылуына мүмкіндік береді. Ал инвестиция тарту – өңірдің дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне және бюджет кірісінің артуына ықпал етеді»,– деп атап өтті Алматы облысы қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Узақова.