Түркия: Шығыс Анадолының асыл қазыналары
Тік құздар, сәулет өнерінің керемет үлгілері мен көне археологиялық ескерткіштер бұл аймақтың қайталанбас ерекшеліктерін айшықтайды. Дегенмен, аймақтың шынайы сұлулығы мен әртүрлілігін сезіну үшін туристер көп бара бермейтін кейбір жасырын ғажайыптарды зерттеу қажет. Осындай Шығыс Түркияны жергілікті тұрғындар секілді аралап көруге болатын ерекше орындарды сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
Малатиядағы Арслантепе ашық аспан астындағы мұражайы
Тарихи орындарымен қартар шырынды өрігімен танымал Малатия – Шығыс Түркияға сапарыңыздың алғашқы аялдамасы. Қаланың ең маңызды археологиялық орны – Арслантепе қалашығы, бұл жерде 8 000 жыл бұрын алғашқы мемлекеттік құрылымдар пайда болған. БҰҰ-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген бұл бірегей нысан келушілерге Анадолы тарихының тереңдігін сезінуге мүмкіндік береді.
Элазығдағы Харпут қамалы
Келесі аялдама – ежелгі Харпут қамалы орналасқан Элазығ қаласы. Б.з.д. 8 ғасырда урарттар тұрғызған бұл бекініс ғасырлар бойы бірнеше өркениеттердің қолданысында болып, әртүрлі мәдениеттер мен діни сенімдердің ықпалында қалыптасты. Биік төбеге салынған қамалдан қаланың керемет панорамалық көрінісі ашылады.
Тунджелидегі Мүнзүр ұлттық паркі
Табиғи әсемдігімен ерекшеленетін Тунджели өңірі саяхатшыларды Мүнзүр ұлттық паркінің керемет көріністерімен қарсы алады. Ормандар, мұздық көлдер, шатқалдар мен сарқырамалар қалың қардың астында ерекше көрініс береді. Бұл мекен – табиғат аясында тыныштық пен демалысты аңсаған жандар үшін нағыз жұмақ.
Эрзинжандағы Кемалие
Евфрат жағасында орналасқан Кемалие – тарих пен табиғаттың ерекше үйлесімі көрініс тапқан бірегей мекен. Көне тастан салынған үйлері мен ағаштан жасалған дәстүрлі балкондары арқылы бұл жер Анадолы сәулет өнерінің бай мұрасын паш етеді. Кемалие сондай-ақ, UNESCO-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне уақытша енгізілген және БҰҰ-ның үздік туристік ауылдар бағдарламасына енген.
Ардахандағы Чылдыр көлі
Шығысқа қарай жол тартсаңыз сізді Ардахандағы керемет Чылдыр көлі қарсы алады. Қыста көл беті толықтай қатып, оның үстінде шанамен сырғанау, мұз астынан балық аулау және коньки тебу секілді демалыс түрлері ұйымдастырылады. От жағылған ағаш үйлерде дәстүрлі таңғы ас ішу және кавказ халықтарының билерін тамашалау да ұмытылмас сәттер сыйлайды.
Карстағы Ани археологиялық кешені
Карс қаласының маңындағы Ани кешені – Шығыс Анадолының ең үлкен археологиялық аймағы. «Мың бір шіркеу қаласы» деп аталған бұл көне шаһар ортағасырлық Жібек жолы бойындағы ең маңызды мәдени орталықтардың бірі болған. Бүгінгі күні қызыл тастан қаланған ғимараттар бұл жердің өткен дәуірлердегі сәулеті мен мәдениетін айқын көрсетеді.
Ағрыдағы Ысхақ Паша сарайы
Ағры қаласында орналасқан Ысхақ Паша сарайы – сәулет өнерінің теңдесі жоқ үлгілерінің бірі. Осман дәуіріне жататын бұл ғимарат Селжүк және Еуропалық барокко стильдерінің ерекше үйлесімін ұсынады. Сарайдан ашылатын керемет көріністер оны саяхатшылар үшін таптырмас бағытқа айналдырды.