Әр ауылға – ақылды инвестиция

Еліміздегі 2200-ге жуық ауыл округінің әкімі ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауыл экономикасын дамыту мақсатында болашағы бар инвестициялық жобалардың болжамды тізімін әзірлейді.
“Әкімдер мектебі” жобасының лекторлары әрбір әкім өз өңірінің экономикалық бағытын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларды бағалау және есептеу үлгісін жасап шығарды.
Жобаның стратегиялық сессиясында лекторлар ауылдық округтерде іске асырылуы мүмкін инвестициялық жобаларды анықтауға арналған деректерді жинау мен талдаудың жаңа форматын таныстырды.
Аталған форма түрлі ақпарат көздерінен алынған нақты мәліметтермен толықтырылған: Ұлттық статистика бюросы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы үй шаруашылықтарынан жиналған мәліметтер.
Лекторлар тек білім берумен шектелмейді — олар шешім қабылдауға негіз болатын нақты деректерді ұсынады: қанша отбасыға нақты көмек қажет, қанша жер телімі тиімді пайдаланылуы мүмкін, үй шаруашылықтары қанша сүт өндіреді және бұл өнімді қайда жеткізуге болады.
Сессия аясында мәліметтерді жинап, келешегі бар жобаларды сараптауға арналған бірыңғай форма әзірленді.
Әкімдер осы форманы дұрыс толтыру мен алынған деректерді тиімді талдауды үйренеді.
Бұдан былай ауыл әкімдері нақты сандарға сүйене отырып ауылдың даму жоспарын өздері жасай алады: халық саны, үй шаруашылықтарының саны, өндірілетін өнім көлемі, жер ресурстары мен инфрақұрылым қолжетімділігі.
Жылыжайды қай жерде салу керек? Сүт өңдейтін кооперативті қайда ашу тиімді? Модульді цехты қай ауылға қойған дұрыс? — бұл сұрақтарға енді болжаммен емес, нақты есеппен жауап беруге болады.
AMANAT партиясы жанындағы Жобалық кеңсе ұсынатын шешімдер:
– Ауылдағы жағдайды толық әрі дәл түсіну — отбасының цифрлық картасы, скрининг, ОПВ, салық және жер деректері арқылы;
– Ауыл дамуына арналған ақылды әрі нақты шаралар — кооперативтер құру, қайта өңдеуді іске қосу, нарықтарға шығуды жеңілдету.