Жаңалықтар

Сенаторлар кеңесінің мүшелері Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ШҚО-дағы бірқатар кәсіпорындар мен оқу орындарын аралайды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Сенат жанындағы Сенаторлар кеңесінің 11 мүшесі Шығыс Қазақстан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарын аралайды.

ШҚО әкімдігінде Сенаторлар кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті.

• Сапарларыңыздың негізгі тақырыбы – өңірдің еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Бұл – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Бүгінгі күні бұл біз үшін жай ғана статистика немесе жоспар емес, бұл – өңір дамуының кепілі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – жай ғана символикалық қадам емес. Бұл – еңбек адамына деген институционалдық құрметтің көрінісі. Шығыс Қазақстанда біз бұл бағыттағы жұмысты нақты көрсеткіштер мен кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сүйене отырып жүргізіп келеміз.

Бүгінде облыс экономикасының негізін машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары құрайды. Осы салаларды кадрлармен қамтамасыз ету – басты мақсатымыз, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыстың 38 колледжінде 20 мыңнан астам студент 101 сұранысқа ие мамандық бойынша білім алуда, олардың төрттен бірі жұмысшы мамандықтары бойынша оқиды. Колледж студенттерінің 23%-ы жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Өңірде дуалды оқыту жүйесі жүйелі түрде енгізілуде – 27 колледжде және 448 кәсіпорында 5 мың студент білімін тікелей өндірісте алуда.

– Өңірдегі кадр мәселесін жүйелі түрде шешу үшін 2024 жылдан бастап алғаш рет «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын іске қостық. Бағдарлама ең алдымен жылу энергетикасы саласындағы мамандарға арналған. Бұл – бір жағынан еңбекке ынталандыру болса, екінші жағынан өңірге кадр тартудың тиімді құралы. Бағдарламаның нәтижесі оң болған жағдайда, оны кеңейту жоспарлануда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Бағдарлама аясында Сенаторлар кеңесінің мүшелері облыстың депутаттар корпусымен кездесіп, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасында болды.

Қазіргі уақытта мұнда «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану» білім беру бағдарламалары бойынша 400-ге жуық студент пен магистрант білім алуда, олардың қатарында шетелдік студенттер де бар.

Өткен жылы «Көлік машина жасауындағы смарт-технологиялар мен жасанды интеллект» атты жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы ашылды.

Лу Бань шеберханасы инженерлік тәжірибе инновациялық жобасының (EPIP – Engineering Practice Innovation Project) стандарттарына сәйкес инженерлерді даярлау бойынша сертификатталған орталық болып табылады.

Мұнда EPIP әдісімен инженерлік практикалық жобаларды оқытуға арналған кабинет және жаңа технологияларды әзірлеу бойынша стартап-идеяларды ілгерілету, жаңа электромобиль үлгілерін пилоттық тестілеу мақсатында студенттік ғылыми-білім беру үйірмесі құрылған.

Университетте «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану» білім беру бағдарламалары бойынша дуалды оқыту жүзеге асырылуда. Оқу базасы – Қостанай облысындағы ірі автокөлік өндіруші – «Allur» зауыты.

Қазіргі уақытта «SMART Driving Technology» жаңа нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, келісім аясында Қытай серіктестері тарапынан жалпы құны шамамен 3 млн юань болатын 6 электромобиль, оның ішінде 2 жүргізушісіз көлік берілмек.

Орталықтың мақсаты – автомобиль жүйелерін жетілдіру үшін озық технологияларды әзірлеу және енгізу. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізу, интеллектуалды жүйе технологияларын оқыту, техникалық мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияда интеллектуалды жүйе технологияларын енгізу және ілгерілету жоспарлануда.

Жұмыс сапары аясында Сенаторлар кеңесінің мүшелері сондай-ақ Өскемен жоғарғы политехникалық колледжін, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мен «ВОСТОК-МОЛОКО» ЖШС-ін аралайды.

 

ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button