ҰЛЫТАУ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ТІРЕГІ: СЕЙТКАМАЛ ІЛИЯСОВТЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Медицина – жан мен тәнге араша болатын қасиетті сала. Бұл жолды таңдаған жан үлкен жауапкершілікті мойнына алады. Дәрігер болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ауыр жүк. Осы салада адал еңбек етіп, сан мың жанның өміріне араша болған «Еңбек адамы» – Сейткамал Ілиясов.
Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетін тәмамдаған Сейткамал Ілиясов өз еңбек жолын Жезқазған қаласындағы №1 ауруханада терапевт ретінде бастаған. Кейін Жезді мен Қарсақбай елді мекендеріндегі ауруханаларда терапевт, балалар дәрігері, тері аурулары мен психикалық ауытқуларға шалдыққан науқастарға, сондай-ақ неврологиялық дертке ұшыраған адамдарға медициналық көмек көрсеткен.
1980 жылы ол Жезқазған қаласындағы «Жедел жәрдем» станциясына ауысып, кардиологиялық және реанимациялық бригаданың құрылуына тікелей үлес қосты. Өз қолымен бірнеше адамды клиникалық өлімнен аман алып қалған тәжірибелі маман жаңа технологиялар мен аппараттарды медицинада қолдануға ерекше көңіл бөлді. Осы мақсатпен 1987 жылы Иркутск қаласында білімін жетілдіріп, реаниматология-анестезиология бағыты бойынша кәсіби біліктілігін арттырды.
Сейткамал Ілиясов алғаш рет перидуалды анестезияны қолданысқа енгізіп, түрлі күрделі оталарда сәтті пайдаланған. Сонымен қатар, гемосорбция әдісі арқылы инфаркт алған жүректі бір сағат ішінде қалпына келтіру тәжірибесін алғаш жүзеге асырған. Барокамераны иіс газынан уланған науқастарға қолдану арқылы да талай жанды ажалдан арашалап қалды. Плазмаферез аппаратын ревматоидты артрит пен жүрек ырғағы бұзылған науқастарға тиімді қолдана білді.
1995 жылдың желтоқсанында жаңадан ашылған «Арнайы емдеу – сауықтыру» мекемесіне емдеу ісі бойынша директор орынбасары болып тағайындалған Сейткамал Ілиясов кейінірек бұл мекеменің директоры атанды. 2015 жылы туберкулезге қарсы диспансерді басқарды. Кейін қалалық емхананың директоры орынбасары, ал 2017 жылдан бастап «Консультативтік-диагностикалық орталықтың» меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл кезеңде орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайту мен кадрлық әлеуетті арттыруға айрықша үлес қосты.
Медицина саласына сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алды. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, республикалық кәсіподақ ұйымының және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін иеленді.
Бүгінде Сейткамал Ілиясов – жоғары санатты дәрігер, терең парасат пен кәсіби шеберліктің иесі. Ол – адам жаны үшін талмай еңбек еткен, нағыз «Еңбек адамы».