Жаңалықтар

Өскемендік әскери қызметші Ұлттық ұлан чемпионы атанды

Таяуда Петропавл қаласында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, капитан Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Ұлттық ұлан арасында өткен бәсекеде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері биік тұғырдан көріне білді. Әсірісе,  Өскемен қаласындағы  3477 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Курбанжан Гуламдунов сексен келі  салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болды.

–  Сайысқа қатысқан алпысқа жуық ұландық жеті салмақ дәрежесінде бақ сынады. Мен дәстүрлі түрде өтетін жарысқа алғаш рет қатысудамын. Қарсыластарым осал емес. Алайда, жеңістің байрағын көтеру маған бұйырды. Жалпы, биылғы жыл мен үшін жемісті өтуде. Өйткені, екі ай бұрын қоян-қолтық ұрыстан өткен ел чемпионатында жүлделі үшінші орынға ие болдым. Әлі алда мені талай сын сайыстар күтіп тұр. Осы орайда, маған қолдау танытқан  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына айтар алғысым шексіз, – дейді 3477 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Курбанжан Гуламдунов.

Курбанжан қоян-қолтық ұрыс түрінен спорт шеберіне үміткер. Ол қатарынан төртінші жыл әскери бөлім намысын түрлі сайыстарда абыройлы түрде қорғап келеді. Ұлттық ұлан арасында жеңімпаз атанған әскери қызметші енді Ішкі істер министрлігіне қарасты құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында өтетін сайыста бақ сынамақ.Үш күнге шақталған турнирде жеңімпаздарға кубоктар мен чемпиондық белбеулер табысталды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button