ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ҚАЛАМ ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Түркістан облысында журналистер мен ақпарат саласының ардагерлеріне арналған салтанатты кеш «Eco Village Kaskasu» демалыс аймағында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жиынға өңірдің ақпараттық кеңістігінде ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, абыройға бөленген ардагерлер, жас қаламгерлер және жетекші БАҚ өкілдері арнайы шақырылды.
Бұл — тек кәсіби мереке ғана емес, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ақпарат құралдарының рөлін мойындау мен бағалау шарасы. Саланың майталмандары мен бүгінгі белсенді буын өкілдерін бір дастархан басына тоғыстырған кеште жылы лебіздер мен шынайы алғыстар айтылды.
Мерекелік кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Облыс әкімі өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен халық пен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі қызметіне тоқталды. Ол журналистиканың ашықтық пен әділеттілікті қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, өңірлік БАҚ-тың белсенді жұмысына ризашылығын білдірді.
Ал партия филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы:
“Мемлекет те, журналист те – ел үшін қызмет етеді. Ел тағдырын айқындайтын шешімдер, мемлекеттік реформалар мен қоғамдық өзгерістер – барлығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жетеді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында ақпарат кеңістігіміздің идеологиялық егемендігі нығая түсуде. Осы жолда сіңіріп келе жатқан еңбектеріңізге алғысымды білдіремін,” – деп атап өтті.
Кеш барысында БАҚ саласында белсенді қызметімен көзге түскен бірқатар тілшілер, телеарна қызметкерлері мен редакция ұжымдарына “AMANAT” партиясының Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттар — тек еңбектің бағалануы ғана емес, келешекке деген сенім мен шабыттың белгісі.
Мерекелік шараны өңірдің өнер ұжымдары мен танымал әншілердің концерттік бағдарламасы әрлеп, жиынға ерекше сән-салтанат берді. Қатысушылар үшін бұл кеш — рухани демалыс, шығармашылық шабыт және жаңа серпін алаңы болды.
Журналист – қоғамның айнасы. Ал сол айнаның жарқырауына үлес қосып жүрген әрбір қалам иесі — құрметке лайық. Бұл кеш — сөз өнерін серік еткен азаматтарға деген қоғамның шынайы алғысы мен құрметінің белгісі болды.