Жаңалықтар

Семейде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

 

2025 жылғы 2–3 тамыз күндері Семей қаласында Түркістан облысының мәдени күндері аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымды жәрмеңкесі өтеді. Шара таңғы сағат 09:00-де «Арена» мәдени-спорттық кешенінің аумағында басталып, екі күн бойы жалғасын таппақ.

Жәрмеңкенің басты мақсаты — Түркістан өңірінің табиғи әрі сапалы өнімдерін семейліктер мен қала қонақтарына нарықтан төмен бағамен ұсыну болды. Түркістан облысынан 540 тоннадан астам өнім жеткізілді. Оның ішінде:

Картоп – 194 тонна
Бақша өнімдері – 81 тонна
Жеміс-жидек – 71 тонна
Қайта өңделген өнімдер (сүт, бал, шырын, шұжық, жұмыртқа және т.б.) – 167 тонна

Келушілер балғын әрі экологиялық таза өнімдерді тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңке барысында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.

Ерекше еткен сәттердің бірі — Түркістан өңірінен келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасы болды.

Көрермендерге «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі мен «Фараб» би ансамблі өз өнерлерін паш етіп, ұлттық өнердің әсем үлгілерін ұсынды.

Фудкорт аймағы да шараның көрігін қыздырды. Төрт павильоннан тұратын бұл алаңда ұлттық тағамдар ұсынылып, семейліктер мен қала қонақтары Түркістанның дәмді ас мәзірінен дәм татып, қонақжайлылықтың шынайы үлгісіне куә болды.

Шара семейліктердің ықыласына бөленіп, Түркістан мен Семей арасындағы мәдени әрі сауда-саттық байланысын нығайтты. Жәрмеңке — тек өнім ұсыну емес, екі өңір арасындағы рухани көпірге айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button