ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Айтулы күнге орай Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастармен Birge» атты Гала-концерт өтті. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жастарды мерекемен құттықтады.
– Құрметті жастар! Сіздерді Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Түркістан облысында 671 мыңнан астам жас тұрады. Бұл – облыс халқының 30%-дан астамын құрайды. Яғни, Түркістан – нағыз жастардың өңірі! Облысымызда жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, білім беру және мәдени-спорттық әлеуетін дамыту бағытында нақты шаралар қабылдануда. 2025 жылдың өзінде ғана 22 мыңнан астам жас түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға ие болса, 800 жуық жас «Серпін» бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге оқуға түсті. Түркістан жастары бүгінде республика деңгейінде ғана емес, халықаралық алаңдарда да табысты өнер көрсетіп келеді. Бұл – сіздердің еңбекқорлықтарыңыздың, ұмтылыстарыңыздың жемісі, – деген Ертай Кенжебекұлы белсенді жастарға алғыс хат тапсырды.
Гала-концертте жергілікті өнерпаздар мен жастар арасындағы танымал әншілер өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымға есте қаларлықтай мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айта кетсек, мерекелік шараның мақсаты – жастардың қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік өмірде белсенділігін ынталандыру. Сондай-ақ жастардың жетістіктерін атап өту, оларды қолдау арқылы жастардың қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтуға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі