ШҚО-да жаңа күл үйіндісінің құрылысы аяқталуға жақын

Нысан «Өскемен ЖЭО» ЖШС-не тиесілі. Нысан орны Глубокое ауданында орналасқан. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан №5 күл үйіндісі, толуға жақын қалған №3 күл үйіндісінің орнына іске қосылады.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС 1947 жылдан бері жұмыс істейді. Жылу электр станциясының белгіленген қуаты – электр энергиясы бойынша 372,5 МВт және жылу бойынша 859,9 Гкал/сағ. Станция қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп келеді, алайда жабдықтардың тозу деңгейі жоғары – 60%-дан асады.
Станция басшылығы бұл тозу деңгейін тежеуге ниетті, себебі ол жыл сайын табиғи түрде 2%-дан астамға өсіп отырады. Соңғы жылдары ЖЭО-ға тартылған инвестиция көлемі артты, қаражаттар жабдықтарды жаңарту мен жөндеуге бағытталып отыр.
«Тариф – инвестицияға айырбас» бағдарламасы аясында станцияны жаңғыртуға 7,5 млрд теңге бөлінді.
Инвестициялық бағдарлама тарифтің қолданыс мерзіміне бекітіледі. Ол жұмыс істеп тұрған активтерді қайта құруға, кеңейтуге және жаңартуға бағытталған, – деп мәлімдеді ШҚО табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Мұсыпова. – Мұндай ауқымды жаңғырту жұмыстары ЖЭО-да алғаш рет жүргізілуде. Биыл департамент қосымша 3,2 млрд теңгеге іс-шараларды бекітті.
Айта кету керек, бұл бағдарлама аясында станцияны жаңғыртумен қатар, тұтынушылар үшін тарифтердің кезең-кезеңімен көтерілуі де көзделген.
Инвестициялық бағдарламаға мынадай ірі жобалар кірді: №9 турбинадағы құбырларды ауыстыру, №11 және №12 қазандықтарға баратын бу құбырларын жаңарту, №8, №12 және №13 қазандықтарды күрделі жөндеу, жерасты су құбырларын жаңарту және жаңа №5 күл үйіндісінің құрылысы.
Бу құбырларын жаңарту – бес жылға жоспарланған ірі әрі қымбат жоба. Қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталуға жақын. Ескі бу құбырларының 90%-ы өз ресурсын толығымен тауысты. Жаңа магистралдық құбырлардың ұзындығы 1 162 метр. Олардан турбиналар мен қазандықтарды жалғайтын тармақ құбырлар өтеді. Қазіргі кезде жаңа бу құбыры №11 қазан агрегатына қосылған, келесі кезекте – №12 агрегат. Құбыр ілмектерінің ілулі тіректері орнатылуда. Жаңа бу құбыры отынмен жабдықтау желісін айналып өтетіндей етіп төселді – бұл қауіпсіздік үшін жасалды.
Жаңғырту аясында құбырлардың диаметрі үлкейтілді, өйткені болашақта станцияда №16 қазандықтың құрылысы жоспарланған. Жаңарту нәтижесінде құбырлардың өткізу қабілеті 1,5 есеге артады, ал жұмыс ресурсы 100 000 сағаттан 200 000 сағатқа дейін ұзарады.
Су құбырларының ұзындығы 3,5 шақырымға жетеді. Олар 2025 жылдан 2028 жылға дейін 4 кезеңмен жөнделмек.
– Бұл – ауқымды жұмыс. Құбырлар 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Біз бұған дейін де кейбір ақауларды жойдық. Есімде 4-5 рет күрделі жер қазу жұмыстарымен байланысты ақаулар болды, – дейді Нұрлан Ахметжанов. – Су құбырларын жаңарту жұмыстары санация әдісімен жүргізіледі.
Кешенді шаралар қазандық жабдықтарының тозуын тек ұстап тұруға емес, оны шамамен 0,25%-ға азайтуға да мүмкіндік береді. Мердігер ұйымдар тәулік бойы жұмыс істеуде. Станция басшылығының айтуынша, барлық жұмыстар бақылауда және жылыту маусымы дер кезінде, еш кідіріссіз басталады.
Инвестициялық жобаның тағы бір маңызды тармағы – №5 күл үйіндісінің құрылысы. Ол №3 күл үйіндісінің орнына пайдалануға беріледі. Нысан Глубокое ауданындағы бұрынғы кірпіш зауытының пайдаланылып болған саз карьерінің орнына салынып жатыр. Құрылыс басталғанға дейін бұл учаске рұқсат етілмеген қалдықтар тасталған аумақ болған. Қазір ол жерде жер асты суларын қорғау мақсатында фильтрацияға қарсы экранмен бірге геомембрана төселуде. Құрылысы жүріп жатқан нысанның жалпы аумағы – 20,1 гектар, оның ішінде пайдалы сыйымдылығы – 3,21 млн м³.
Күл үйіндісі 11,5 жылға есептелген.
– Биыл күл үйіндісінің құрылысын аяқтаймыз деп үміттенеміз және оны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі қолданыстағы күл үйіндісі келесі жылдың ортасында толады. Егер биыл құрылысты тәмамдай алсақ, онда барлық сынақтарды ескі күл үйіндісі толғанға дейін өткізе аламыз, – деді «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Ахметжанов. – Жоба барлық сараптамалардан өтті, экологтар да оны тексерді.
Станцияда күл мен шлакты гидравликалық әдіспен әкететін айналым жүйесі жұмыс істейді. Күл мен шлак суспензиясы күл үйіндісіне багерлік насос станциясы арқылы құбырлармен жеткізіледі. Тазартылған су қалқымалы насос станциясы арқылы қайтадан ЖЭО-ға қайтарылады. Күл-шлак құбырлары №3 күл үйіндісіне дейін төселген, енді осы жерден №5 күл үйіндісіне дейінгі ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаңа құбырлар тартылады.