ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІНДЕ БУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫ ЖАҢА ЖОБА БАСТАЛДЫ

☑️Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен өңірде «Қауіпсіз балалық шақ» жобасын қолға алды. Бұл жобаны Сайрам ауданында пилоттық жоба ретінде іске асыру арқылы бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілді. Нақтырақ айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі төмендеді. Соңғы 6 айда жасөспірімдермен 8 қылмыс жасалған болса, іс-шара нәтижесінде соңғы 6 айда құқықбұзушылық тіркелмеді. Инспекторлар мен оқушылар арасындағы сенімді қарым-қатынас орнатылды. Одан бөлек, 55 мектепте психолог кабинеттері жабдықталып, осыған дейін психолог кабинеті болмаған 6 мектепте арнайы кабинеттер бөлінді. Сонымен қатар оқушылардың мәселелерін жүйелі түрде анықтау және шешу жолға қойылды. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.
⤵️Алқалы жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жобаны таныстырып, нәтижесімен бөлісті.
📌– Жуырда өткен республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы білім саласына айрықша мән беретіндігін, «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болатындығын атап өтті. Расында, қазір бала тәрбиесінде барлық жауапкершілік мектеп пен ата-анаға жүктелген. Ал олардың күші қаншалықты жеткілікті екеніне талдау жасалмаған. Осыған орай, барлық күшті біріктіретін «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы дайындалып, 2024-2025 оқу жылында Сайрам ауданында тәжірибе ретінде қолданылды. Отбасылық-тұрмыстық қиын жағдайға тап болған балаларды мектеп қабырғасында педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар анықтап, тиісті жұмыс жүргізуі қажет. Алайда, облыс бойынша 1459 педагог-психологтың 50%-ның білімі сырттай, 186 кабинет тиісті талаптарға сәйкес жабдықталмаған. Осыған орай, біз жобаның шеңберінде бұл мәселені жүйелі қарап, әрбір педагог – психологтың кәсіби біліктілігін арттырып, жұмыс орындарын талапқа сәйкес жабдықтауға назар аударуымыз қажет. Пилоттық жобаны Сайрам ауданында іске асыру арқылы бірқатар оң нәтижеге қол жеткіздік. Жобаны өңірдегі барлық аудан, қалаларда енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны қолда бар ресурстармен жүйелі іске асыратын болсақ, еліміздің болашағы – балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ететінімізге сенемін, – деді Дәулет Тлемисов.
☑️Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы профилактика жұмыстары жоспарға сай жүргізілгенімен, олардың қатысуларымен жасалған қылмыс саны азаймай отыр.
☑️Қазіргі уақытта өңірдегі 1 093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алуда. Облыс бойынша кәмелетке толмағандар істері жөнінде 147 инспектор қызмет етеді. Әр мектепке бір полиция инспекторларын қоюға мүмкіндік жоқ. Инспекторлар мектептерге әртүрлі уақытта барады. Осыған орай, пилоттық жобаны іске асыру кезінде әр инспекторға мектептерге бару кестесі бекітілді. Жұмыс алгоритмі бойынша инспектор білім ұясында ұжыммен және оқушылармен кездесулер өткізеді. Оқушылардың көтерген мәселелері бойынша білім бөлімінің жанынан құралған психологтар тобы зерделеу жүргізіп, сұрақ қойған әр оқушының психологиялық жай-күйіне баға береді. Қажеттілік туындаған жағдайда, оқушылармен жеке жұмыс жүргізіліп, тиісті психологиялық көмек көрсетіледі. Кездесу барысында анықталған мәселелер өз құзыреті шегінде шешілмеген жағдайда, құзырлы органдарға жолданады немесе кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия алдында көтеріледі. Бұл жұмыстар әрбір мектеп оқушысымен жеке сұхбаттар жүргізу арқылы оқушының көңіл-күйіндегі өзгерістерді, отбасындағы жай-күйін анықтап, мәселені дер кезінде шешуге септігін тигізбек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі