Жаңалықтар

Түркістан облысында 2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға шамамен 90 млрд теңге бөлінеді 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруаларымен кездесіп, Түркістан облысындағы суару маусымын қорытындылады.

Ведомство басшысы шаруаларға ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шаралары туралы айтып берді. Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілген жаңа функциялар аясында 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы трансферттер есебінен алдағы үш жылда Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу мен суармалы су беру қызметтерін инвестициялық субсидиялау үшін шамамен 90 млрд теңге қарастырылған.

Айта кетейік, былтыр министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алуға, орнатуға және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді. Егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85%-ға дейін өседі.

«Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы Қазақстанның оңтүстігінде күрделі жағдай туғызды. Алайда жедел қабылданған шаралардың арқасында ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет. Осы мақсатта біз заманауи суару жүйелерін енгізуді субсидиялау шарттарын жетілдірдік», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Толығырақ: https://t.me/QR_Su_resurstari_ministrligi/5955

Басқа жаңалықтар

Back to top button