Ұлытау облысында бюджет атқарылуы талданып, қаржыны тиімді басқару тапсырылды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынға облыстың барлық маңызды басқарма басшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және жауапты қызметкерлер қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді қарастыруға көшпес бұрын облыс басшысы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша аумақтық департаменттеріне жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырып, оларға өз қызметтерінде аймақтың дамуына үлес қосу, міндеттерді уақытылы және сапалы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жиында 2025 жылғы қаңтар–қараша айларында атқарылған әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту шараларының орындалуы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ осы кезеңдегі облыс бюджетін орындау барысы мен жыл қорытындысы бойынша алдын ала болжамдар ұсынылды. Әкім әлеуметтік саладағы жұмыстардың сапасын арттыру, халықты жұмыспен қамту шараларын тиімді ұйымдастыру және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше тоқталды.
Дастан Рыспеков мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалып жатқан жағдайларға жеке назар аударып, әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға, мүгедектер үшін қолжетімділікті кеңейтуге және бейімделген нысандардың үлесін ұлғайтуға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған қоныс аударушыларға қосымша қолдау шараларының кешенін әзірлеу міндеттеліп, олардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында нақты іс-шараларды жүзеге асыруға нұсқау берілді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі биылғы бюджет игерілуінің жалпы көрсеткіші төмен емес екенін атап өтті. Алайда кейбір жобаларда кемшіліктер анықталғанын айтып, үйлестіруді күшейту, бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылау, ақпаратты жүйелі түрде жаңартып отыру қажеттігін тапсырды. Дастан Рыспеков бюджет әкімшілеріне жыл соңына дейінгі қалған уақытты тиімді пайдалану, қаражатты жоспарланған мақсаттарға толық жұмсау және жобаларды уақытында аяқтау маңызды екенін ерекше ескертті.
Жиын қорытындысында облыс басшысы барлық жауапты органдардың үйлесімді жұмыс істеуін, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту үшін нақты шараларды белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында әрбір басқарманың өз функциясын тиімді орындауы маңызды екендігі тағы бір мәрте айтылды.


