Қоғам
Trending

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірге инвестиция салуға ниетті шетелдік кәсіпкерлермен кездесті

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірге инвестиция құюға қызығушылық танытқан шетелдік кәсіпкерлермен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.

Аймақ басшысы өз сөзінде шетелдік инвесторларға Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, өңірдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларындағы әлеуетіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып отырғанын, мемлекеттік қолдау тетіктері мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

Кездесу барысында кәсіпкерлер Қытай Халық Республикасында әлемдік деңгейдегі ірі әрі танымал маркетплейстермен тығыз жұмыс істейтінін, онлайн сауда алаңдарындағы тауарларды тасымалдау және логистика саласында үлкен тәжірибеге ие екенін жеткізді. Инвесторлардың айтуынша, олар Қазақстан аумағында алғаш рет пилотсыз басқарылатын әуе кемелері мен дрондар арқылы әуе қатынасын іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған жобаны жүзеге асыруды Ұлытау облысынан бастауды көздеп отырғандарын да мәлімдеді.

Инвесторлардың пікірінше, Ұлытау облысының географиялық тұрғыдан елдің орталық бөлігінде орналасуы жобаны іске асыру үшін аса қолайлы. Бұл фактор тауарларды жедел әрі тиімді тасымалдауға, логистикалық шығындарды азайтуға және өңірлер арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлер пилотсыз әуе кемелеріне арналған құрылғылар мен жабдықтарды Ұлытау облысында өндіру, сондай-ақ осы бағытта білікті мамандарды даярлау мәселелерін қатар алып жүруді жоспарлап отырғандарын айтты. Инвесторлар мұндай жобаларды өз елдерінде табысты жүзеге асырып, әсіресе кен өндіру саласындағы өнімдерді тасымалдауда жоғары тиімділік пен жылдамдыққа қол жеткізгендерін атап өтті.

Өз кезегінде облыс әкімі Дастан Рыспеков ұсынылған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтып, тиісті талдау жүргізіліп, нақты экономикалық және техникалық ұсыныстар енгізілген жағдайда жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сондай-ақ мұндай бастамалар өңірдің инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен жобаларды пысықтау және нақты ұсыныстар әзірлеу бағытында тығыз байланыста жұмыс істеуге уағдаласты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button