ШҚО-да ақсақалдар жаңа Конституция жобасын талқылады

Өскемен қаласындағы Достық үйінде жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған облыстық ардагерлер ұйымы мен ақсақалдар кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Отырыста онлайн форматта Риддер қаласы, Алтай ауданы, Күршім, Тарбағатай, Зайсан және өзге де аудандардың ардагерлер ұйымдары мен ақсақалдар кеңестерінің төрағалары қатысты.
Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Айтқазы Шерубаев қоғамдық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының маңыздылығын атап өтіп, бұл заң жобасы заман талаптарына толық сай келетінін жеткізді.
Сөз сөйлегендердің басым бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға енгізіліп отырған түзетулер мен өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың уақытылы әрі қоғам үшін аса өзекті екенін атап өтті.
Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің унитарлы екені, мыңжылдық берік дәстүрлерге негізделгені нақты көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының көршілес мемлекеттермен шектесетін аумақтық шекаралары айқындалған. Конституция жобасындағы әрбір норма еліміздің болашағымен және өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тағдырымен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекетіміздің болашағына қатысты кез келген мәселе баршамызға ортақ болуы тиіс, – деді облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхаметжанов.
Талқылау барысында Набиолда Кемешов, Сағынбек Ақанов, Болат Сағымбайұлы, Сабыр Оспанов және Аман Қасенов сынды қадірлі ақсақалдар тіл мәселесін саясиландыруға болмайтынын атап өтіп, көпұлтты мемлекеттің бірлігін сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар олар Конституцияның 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені нақты жазылғанын айтып, Конституция жобасын талқылауда байыпты әрі жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жиын соңында Айтқазы Сейітұлының ұсынысымен жаңа Конституция жобасын қолдау мақсатында арнайы штаб құрылып, оны отырысқа қатысушылар бірауыздан қолдады.



