Жаңалықтар

Түркияның көктемгі келбеті саяхатшылар үшін жаңа қырынан ашылуда

Көктемнің алғашқы айлары — Түркияның табиғаты мен тарихын асықпай тамашалауға ең қолайлы уақыт. Күн райы тым ыстық емес, ал туристер ағыны әлі де саябыр кезде бұл өлке нағыз эстетикалық және рухани демалыс мекеніне айналады. Әсіресе, биылғы көктемдегі демалысын тарих пен мәдениетке арнағысы келетіндер үшін Анадолы жерінің ұсынары мол. Түркия — христиан әлемі үшін маңызды Пасха мерекесі қарсаңында ежелгі сенім соқпақтары мен тарихи жәдігерлерді жаңа қырынан таныстыруға дайын.

Бурсаның табиғатынан бастап Каппадокияның жұмбақ үңгірлеріне дейінгі бағыттар саяхатшыларға ұмытылмас әсер сыйлайды.

Изник қаласы

Изник: тарих пен табиғаттың үндесуі

Бурса провинциясындағы Изник қаласы — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне үміткер нысан ретінде танымал. «Cittaslow» (жайлы қала) мәртебесін иеленген бұл мекенге өткен жылдың соңында Рим Папасы Лео XIV-нің өзі арнайы келген болатын. Изник тек көрікті жер ғана емес, сонымен бірге христиан тарихындағы маңызды шешімдер қабылданған, тіпті Пасха мерекесінің күнтізбесі бекітілген киелі орын санатында.

Изник қаласы

Көктемде гүлге оранатын қала көшелерімен серуендеп, көне Рим театры мен Айя-София мешітін көруге болады. Ал көл жағасындағы тыныштық пен жергілікті балғын балық тағамдары демалыстың сәнін келтіреді.

Изник қаласы

Изник фарфор өнерінің орталығы болғандықтан, мұндағы шеберханаларға соғып, қолдан жасалған бірегей бұйымдарды таңдауға мүмкіндік бар.

«Аян» кітабындағы жеті шіркеу және Эфес мұрасы

Түркияның батыс бөлігі — Измир, Маниса және Денизли аймақтары ежелгі өркениеттердің ізі қалған мекен. Мұнда христиан дінінің ерте кезеңіне тиесілі «Жеті шіркеу» орналасқан. Көктемгі жасыл желекке бөленген Эфес антикалық қаласын аралау — әрбір туристің жоспарында болуы тиіс маңызды қадам.

Эфес антикалық қаласы

Бұл аймақтағы Мәриям Ана үйіне бару және Пасха кезіндегі салтанатты рәсімдерді бақылау тарихи танымды кеңейте түседі. Сонымен қатар, Эфестен небәрі бір сағаттық жердегі Урла ауылы өзінің гастрономиялық ерекшеліктерімен танымал.

Мәриям Ана үйі

Каппадокия: жер астындағы жұмбақ әлем

Ертегілер елін еске түсіретін Каппадокия тек әуе шарларымен ғана шектелмейді. Мұндағы Каймаклы және Деринкую секілді көпқабатты жер асты қалалары саяхатшыларды уақыт саяхатына жетелеп, адамзат төзімділігіне таңғалдырады.

Невшехир, Кылычлар аңғары
Гөреме ашық аспан астындағы мұражайы

Бұл өңірдің рухани тарихы Әулие Василийдің есімімен тығыз байланысты. Дәл осы тұлғаның бастамасымен Гөреме алқабында алғашқы шіркеулер бой көтерген. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Гөреме ашық аспан астындағы мұражайында орналасқан Токалы мен Каранлык (Dark) шіркеулері — көне сәулет өнерінің жауһарлары. Олардың әсем аркалары мен бүгінге дейін сыры кетпеген фрескалары көздің жауын алады.

Каранлык шіркеуі

Сонымен қатар, Каппадокия алғашқы монахтардан қалған көпғасырлық шарап жасау дәстүрімен де мақтана алады. Саяхатшылар жергілікті өнімдер мен MICHELIN жұлдызды мейрамханалардың тағамдарын татып көру арқылы аймақтың тарихи дәмін сезіне алады.

Аванос қалашығындағы құмыра жасау шеберханаларына қатысып, Анадолының ежелгі кәсібін өз көзіңізбен көріңіз.

Әулие Павелдің ізімен: оңтүстіктің тынысы

Келесі рухани саяхат бағыты христиандықтың ең маңызды апостолдарының бірі Әулие Павел көп уақыт өткізген оңтүстік Анадолыға қарай бастайды. «Әулие Павел соқпағы» — бұл апостолдың Кіші Азиядағы өмірі мен миссионерлік сапарларынан сыр шертетін бірегей бағыт.

Маршрут екіге бөлінеді: бірі Пергеден, екіншісі Көпрюлю каньоны ұлттық паркінен басталып, ежелгі Адада қаласында түйіседі де, Ыспартадағы «Cittaslow» Ялвач қалашығында аяқталады. Бұл жол саяхатшыларға табиғаттың сұлулығы мен терең рухани тарихты қатар сезінуге мүмкіндік береді.

Көпрюлю каньоны
Ыспарта қаласы

Түркияның көктемгі шуағы мен тарихи мұрасы кез келген саяхатшыға рухани жаңару мен жайлы демалыс сыйлайтыны анық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button