Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕРТЕ ПІСЕТІН КӨКӨНІС ӨНІМДЕРІН ЖЕТКІЗУ БОЙЫНША ФОРВАРДТЫҚ КЕЛІСІМШАРТТАР ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Сауле Конысханқызының арнайы қатысуымен Түркістан облысында ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізу бойынша форвардтық келісімшарттар жасау мәселелеріне арналған ауқымды семинар-кеңес ұйымдастырылды. Бұл жиын ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті экономикалық тетіктерді жетілдіруге және өнім өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы өзара тиімді байланысты күшейтуге бағытталды.

Семинар-кеңеске облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының аппарат басшысы Бердібай Күзембаев, тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінен келген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері мен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер қатысты. Сонымен қатар жиынға қатысушылар қатарында өнім өндіруші шаруашылықтар, логистикалық компаниялар және сауда желілерінің өкілдері де болды.

 Кездесу барысында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті ерекше атап өтілді. Табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, суармалы егіншілік дамыған және еңбек ресурстары жеткілікті өңір ретінде Түркістан облысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды орталықтарының бірі саналады. Бүгінде облыста 90 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді, бұл республикалық көрсеткіштің шамамен 31 пайызын құрайды.

 Жиында азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру, отандық өнім көлемін ұлғайту және халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Осы мақсатта ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу көлемі биыл 15 мың гектарға жоспарланған. Қазіргі таңда оның 12,2 мың гектары игерілген. Оның ішінде картоп – 4,2 мың гектар, қырыққабат – 6,4 мың гектар, сәбіз – 1,2 мың гектар, пияз – 1,0 мың гектар алқапқа егілген.

 Ауыл шаруашылығы мамандарының болжамына сәйкес, биылғы маусымда ерте пісетін өнімдерден 193 мың тонна қырыққабат, 153 мың тонна картоп, 36 мың тонна сәбіз және 35 мың тонна пияз алу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік береді.

 Семинар-кеңес барысында форвардтық келісімшарттар тетігін кеңінен қолдану, яғни өнімді алдын ала келісілген бағамен сатып алу жүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл механизм фермерлерге қаржылық тұрақтылық беріп, өнім өткізу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірлер арасындағы өзара байланыстарды күшейту және делдалсыз тікелей жеткізу тізбегін қалыптастыру бағыттары талқыланды.

 Жиын аясында қатысушылар арасында ашық форматтағы «сұрақ-жауап» сессиясы өтіп, кәсіпкерлер мен жауапты мемлекеттік органдар өкілдері ауыл шаруашылығын дамыту, логистика, баға саясаты және субсидиялау тетіктері бойынша өзекті мәселелерді талқылады. Қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, нақты тәжірибелермен бөлісті.

Кездесу соңында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және сауда өкілдіктері арасында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бірқатар форвардтық келісімдер жасау бойынша алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button