Армиялық қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті

Өскеменде Әскери-қолданбалы спорт түрлерінен ХХІІІ спартакиада аясында армиялық қоян-қолтық ұрыстан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының чемпионаты жоғары деңгейде өтті.
Өскемен гарнизонының спорт кешенінде ұйымдастырылған жарысқа Өскемен, Аягөз, Үшарал және Абай өңірлік гарнизондарының әскери бөлімдерінен келген 10 команда, 100-ге жуық әскери қызметшілер қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл дода әскери қызметшілердің жауынгерлік шеберлігі мен дене дайындығын шыңдауға бағытталған.
Турнирдің ашылу салтанатында ұйымдастырушылар жарыстың маңыздылығына тоқталып, мұндай сайыстардың әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Мұндай жарыстардың басты мақсаты – жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін жетілдіру, дене дайындығын нығайту және әскери рухты көтеру. Біздің гарнизонда армиялық қоян-қолтық ұрысқа ерекше көңіл бөлінеді. Бұл спорт түрі жылдан жылға дамып, оған қызығушылық танытатын әскери қызметшілер саны артып келеді, – деді бөлімше командирі сержант Санат Казбеков.
Жарыстың алғашқы іріктеу белдесулерінен бастап финалдық кездесулерге дейін тартысты әрі әсерлі жекпе-жектер өтті. Әр салмақ дәрежесінде сынға түскен жауынгерлер өздерінің жоғары шеберлігін, төзімділігін және тактикалық даярлығын көрсетті.
Армиялық қоян-қолтық ұрыс – әскери қызметшіні жан-жақты даярлаудың маңызды элементтерінің бірі. Ол жақын қашықтықтағы ұрыс жағдайында шапшаң әрекет етуге, дұрыс шешім қабылдауға және жауынгерлік әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға үйретеді.
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте І орынды 27943 әскери бөлімі (Өскемен) иеленді. ІІ орын 30217 әскери бөліміне (Семей) бұйырса, ІІІ орынды 44736 әскери бөлімі (Семей) еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Бұл жарыс әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын арттырып қана қоймай, бөлімдер арасындағы бірлік пен өзара тәжірибе алмасуды нығайта түсті.



