Балабақша жүйесін дамыту: сапа, қолжетімділік, мазмұн. Мектепке дейінгі білім берудегі ваучерлік жүйе

2026 жылғы 20 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Брифингке Ұлытау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Жақыпбекұлы Туребеков және «INDIGO – электрондық балабақша» ақпараттық жүйесінің II санаттағы жобалар үйлестірушісі Балжан Нұрланқызы Табикенова қатысты.
Іс-шара барысында өңірдегі мектепке дейінгі білім беру саласының қазіргі жағдайы, қолжетімділікті арттыру, білім сапасын жақсарту және мазмұнын жаңарту бағытындағы жұмыстар туралы айтылды.
Бүгінгі таңда облыста 98 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. 2026 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 88%-ды құрайды. Сонымен қатар, 4 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр, бұл жаңа орындар ашу қажеттігін көрсетеді.
Осыған байланысты өңірде:
• жаңа балабақшалар салу,
• мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту,
• шағын орталықтар желісін кеңейту,
• ауылдық жерлерде қолжетімділікті арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Брифинг барысында ваучерлік қаржыландыру жүйесіне ерекше назар аударылды.
Жезқазған қаласында аталған жүйе 2025 жылдың наурыз айынан бастап енгізілді. Қазіргі таңда 7628 ваучер беріліп, оның 1500-і белсендіріліп, балалар балабақшаларға орналастырылды. Сонымен қатар, 2567 бала ваучер алуға кезекте тұр.
Спикерлердің айтуынша, ваучерлік жүйе ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді және мемлекеттік қолдаудың тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Сонымен бірге, әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдау шаралары да жалғасуда. 2026 жылы жергілікті бюджет есебінен 398 бала тегін тамақпен қамтылды.
Брифинг қорытындысында мектепке дейінгі білім беру жүйесін одан әрі дамыту, кезекті қысқарту және сапалы біліммен қамтуды арттыру негізгі міндет болып қала беретіні атап өтілді.



