Жаңалықтар

ШЕКАРА АЙМАҚТАРЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және фитосанитариялық тұрақтылықты сақтау мақсатында шегірткеге қарсы кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін өңір аумағында 325,09 мың гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде 86,23 мың гектар алқапта зиянкестің экономикалық зиян шегінен (ЭЗШ) асқаны анықталған. Бұл жағдай аграрлық сектор үшін маңызды қауіптердің бірі болып саналады, себебі үйірлі шегірткелер егістік алқаптарға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Осыған байланысты облыс көлемінде жедел шаралар қабылданып, 65 секторда арнайы техника мен мамандар жұмылдырылған. Қазіргі таңда 290 техника бірлігі және 74 су тасымалдайтын көлік толық қуатта жұмыс істеуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – зиянкестердің таралуын дер кезінде тоқтату және егістік жерлерді қорғау.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес және Сарыағаш аудандарындағы шекаралық аумақтарға арнайы барып, жағдаймен танысты. Ол жерде үйірлі шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарының барысы қатаң бақылауға алынған. Келес ауданында зиянкестер ошақтарын анықтау және мониторинг жүргізу үшін 351 адам жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағында 36 285 гектар жер өңделіп, тиісті дәрілеу шаралары атқарылды. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда фитосанитариялық жағдай тұрақты бақылауда және қауіптің таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Сарыағаш ауданында да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мұнда 175 анықтаушы маман зиянкестердің таралуын бақылау және дер кезінде анықтау бағытында еңбек етуде. Қазіргі уақытқа дейін 17 021 гектар жер химиялық өңдеуден өткізілді. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға және өнімнің шығынын азайтуға бағытталған.

Көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтарда жағдай ерекше назарда ұсталып отыр. Себебі мұндай аумақтарда зиянкестердің сырттан келу қаупі жоғары болады. Осыған байланысты орталық штаб жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық процестерді үйлестіріп, тұрақты мониторинг жүргізуде.

Сонымен қатар жауапты органдарға жедел әрекет ету бригадаларын күшейту, техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және анықтаушылар санын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілген. Бұл шаралар өңірдің ауыл шаруашылығын қорғауға, егін алқаптарының сақталуына және жалпы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды рөл атқарады және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button