Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды

- Астанада Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Ресей киносы фестивалі басталды. Фестиваль бағдарламасы 26 сәуірге дейін жалғасып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған.
Іс-шараның ашылуында «РОСКИНО» бас директоры Эльза Антонова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимованың құттықтау хатын оқып берді.
«Қазақстандағы Ресей киносы фестивалінің өткізілуі өнер мен кинематография арқылы ынтымақтастығымызды арттыра түсуге жол ашады. Бұл жоба мәдени алмасуды жандандырып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен рухани үндестікті тереңдете түседі», – делінген құттықтау хатта.
Эльза Антонова «РОСКИНО» жыл сайын әлемнің бірқатар елінде Ресей киносы фестивальдерін өткізетінін, алайда Қазақстандағы фестивальдің орны айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаға бүгінде Ресейде прокатқа шығып, қалың көрерменнің жоғары бағасына ие болған және заманауи ресейлік киноның жанрлық алуандығын көрсететін фильмдер енгізілген.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров мұндай жобалар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды байытып, ұлттық киноны ілгерілетуге тың серпін беретінін атады.
Фестивальдің ашылуында «Первый на Олимпе» спорт драмасы көрсетілді. Төрт күн бойы көрермендерге әртүрлі жанрдағы жеті ресейлік фильм тегін ұсынылады. Бағдарламаға сондай-ақ «Авиатор», «Буратино», «Чебурашка 2», «Красный шелк», «Три кота. Путешествие во времени» және «Август» фильмдері енген.
Фестиваль аясында делегация өкілдерімен кездесулер мен шығармашылық мамандықта оқитын қазақстандық студенттерге арналған шеберлік сабақтары жоспарланған. Көрермендермен кездесуге «Авиатор» фильмінде ойнаған актриса Дарья Кукарская мен «Первый на Олимпе» картинасында рөл сомдаған актер Антон Савватимов қатысады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі



