Жаңалықтар

Сыр өңірінде «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясы өтті

Бүгін Қызылорда облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты жалпыхалықтық экологиялық акция ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі орындарды және көпшілік зиярат ететін аумақтарды таза ұстау, оларды абаттандыру және рухани-мәдени құндылықтарды сақтау болып табылады. Акция аясында ағаш отырғызу, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді.

Сауабы мол игі іске облыстың барлық тұрғындары белсене атсалысты. Сонымен қатар мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастар да қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Бұл – ой-сана тазалығы. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады», – деп атап өтіп, бұл бастаманың терең мағыналық мазмұнын айқындап берген болатын. Осы қағида бүгінгі акцияның негізгі идеологиялық өзегіне айналды.

Халқымыздың дәстүрлі дүниетанымында киелі орындарды зиярат ету, ата-баба рухына құрмет көрсету ерекше мәнге ие. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналық та осы құндылықтың терең тамырын көрсетеді. Сондықтан қорымдар мен кесенелер тек жерлеу орны ғана емес, рухани сабақтастықты сақтайтын қасиетті мекен ретінде бағаланады.

Осыған байланысты олардың тазалығын сақтау, күтім жасау және қараусыз қалдырмау – қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырылады. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен рухани құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, облыс аумағында 72 нысан киелі орындар тізбесіне енгізілген. Бұл орындарда жергілікті бюджет есебінен және демеушілердің қолдауымен реставрациялық және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымдары жаңартылды. Нәтижесінде келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасалуда.

Акция барысында өңірдегі 200-ге жуық қасиетті орындар мен зираттардың аумағын тазалау жұмыстарына 20 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысты. Аумақтар ретке келтіріліп, абаттандырылып, санитарлық тазалық деңгейі айтарлықтай жақсарды.

Жалпы алғанда, мұндай игі бастамалар қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырумен қатар, ұлттық құндылықтарға деген құрметті нығайтып, рухани сабақтастықты сақтауға ықпал етеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button