Ұлытау облысында әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру және қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда

2026 жылғы 12 мамыр күні Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айдархан Құралай Мұқажанқызының қатысуымен «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлытау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің 4 айдағы жұмыс қорытындысы туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Брифинг барысында департаменттің негізгі қызмет бағыттары, әлеуметтік қорғау саласындағы цифрландыру жұмыстары, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдарын бақылау, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік сараптама және зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы айтылды.
2026 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша департамент тарапынан 3 профилактикалық бақылау жүргізілді. Тексеру нәтижесінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 3 ұйымның қызметінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №230 бұйрығымен бекітілген қағидалар талаптарына сәйкессіздіктер анықталып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесі енгізілгені атап өтілді. Лицензиялау процесі толық цифрландырылған форматта жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Ұлытау облысы бойынша 10 мекеме арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алған. Оның ішінде үйде қызмет көрсету ұйымдары, стационарлық және жартылай стационарлық мекемелер бар.
Брифингте техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету тетігіндегі өзгерістерге ерекше назар аударылды. 2026 жылдың сәуір айынан бастап техникалық оңалту құралдарының құнын қалыптастыру толық цифрландырылып, баға автоматты түрде әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкендер деректері негізінде есептелуде. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етіп, адами факторды жоюға мүмкіндік берген.
Сондай-ақ техникалық оңалту құралдарын уақытша пайдалану және қайтару бойынша пилоттық жоба, әлеуметтік-техникалық сараптама тетіктері және «Үй жағдайындағы оңалту» жобасы туралы ақпарат берілді. Бүгінде Ұлытау облысында техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрайды.
Департамент қызметінің маңызды бағыттарының бірі – зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау. 2026 жылдың 4 айында барлығы 5003 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде жасына байланысты зейнетақы тағайындау бойынша 650, базалық зейнетақы бойынша 749 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыста 29 860 зейнеткер зейнетақы алады. Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша 8330 адамға, асыраушысынан айырылуына байланысты 2551 адамға жәрдемақы төленуде. 9415 көпбалалы отбасы мен наградталған аналар мемлекеттік жәрдемақы алады.
Медициналық-әлеуметтік сараптама бағыты бойынша 2026 жылдың 4 айында 1260 адамға мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 401 қызмет алушы сырттай проактивті куәландыру арқылы қызмет алған. Бұл жүйе азаматтардың құжаттарын толық цифрландыру арқылы қарап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда сырттай проактивті куәландыру 15 нозология түрі бойынша жүргізіледі. Қызмет көрсету барысында азаматтардың жеке деректері сарапшыларға көрсетілмейді, ал шешім қабылдауға әртүрлі өңірлерден үш сарапшы қатысады.
Брифинг соңында департамент тарапынан халыққа сапалы, қолжетімді және ашық әлеуметтік қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.



