ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУЫ: ЗАМАНАУИ ҮРДІСТЕР МЕН БОЛАШАҚ БАҒЫТТАР

Ұлытау облысының әдістемелік орталығының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес «Қосымша білім беру жүйесінің стратегиялық дамуы: заманауи үрдістер мен болашақ бағыттар» тақырыбында кеңейтілген әдістемелік кеңес отырысы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара өңірдегі қосымша білім беру жүйесін жаңғырту, оның мазмұнын жетілдіру және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң ретінде өтті.
Кеңес отырысының негізгі мақсаты — қосымша білім беру жүйесін дамытуға қатысты заманауи тәсілдерді талқылау, білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіру бағыттарын айқындау, педагогтер арасында тәжірибе алмасуды жүйелеу және балалардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасау болды.
Іс-шараға білім бөлімдерінің әдіскерлері, қосымша білім беру ұйымдарының директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтер мен салалық мамандар қатысты. Кездесу барысында қатысушылар қосымша білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, өңірлік деңгейде жүйені дамытуға бағытталған ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды.
Отырыс барысында 2025 жылғы Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының рейтингі негізінде Ұлытау облысының әдістемелік орталығы жүргізген талдау нәтижелері қарастырылды. Талдау қорытындысы өңірдегі қосымша білім беру ұйымдарының жалпы даму деңгейін, қол жеткізген жетістіктерін, сондай-ақ алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, қатысушылар қосымша білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударды. Заңнамалық өзгерістер мен талаптар кеңінен түсіндіріліп, ұйымдардың жұмысын тиімді ұйымдастыру, есеп беру жүйесін жетілдіру және басқару сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі — цифрландыру үдерісі болды. Атап айтқанда, қосымша білім беру саласына цифрлық шешімдерді енгізу, smartziyatker.kz платформасының мүмкіндіктері мен тиімділігі жан-жақты қарастырылды. Платформа арқылы балалардың шығармашылық, интеллектуалдық және танымдық қабілеттерін дамытуға арналған жаңа құралдар мен әдістер таныстырылып, оны оқу-тәрбие процесінде қолдану жолдары талқыланды. Қатысушылар цифрлық ресурстардың білім беру сапасын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, кеңес барысында «Балаларға қосымша білім беру жүйесін дамыту: қолжетімділік, сапа және іске асырудың жаңа механизмдері» тақырыбындағы республикалық үйлестіру кеңесі отырысының шешімдері таныстырылды. Бұл құжатта қосымша білім беру жүйесінің қолжетімділігін арттыру, сапасын көтеру, сондай-ақ басқарудың жаңа тиімді механизмдерін енгізу мәселелеріне басымдық берілгені айтылды.
Іс-шара аясында педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына ерекше мән берілді. Осы мақсатта Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының педагогтері арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сабақтары барысында заманауи оқыту әдістері, жобалық жұмыс технологиялары, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жолдары және тәрбиелік жұмысты ұйымдастырудың тиімді формалары көрсетілді.
Қатысушылар мұндай практикалық форматтағы кездесулер педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, инновациялық әдістерді меңгеруге және білім беру процесінің сапасын көтеруге үлкен ықпал ететінін атап өтті.
Жалпы алғанда, қосымша білім беру жүйесі бүгінгі таңда балалардың жан-жақты дамуына, олардың жеке қабілеттерін ашуға және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін маңызды сала ретінде айқындалып отыр. Осыған байланысты Ұлытау облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Мұндай әдістемелік кеңестер алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып, қосымша білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға және балаларға қолайлы, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.



