Таза қала — саналы жастан басталады: Өскемендегі «Сәулетай» саябағында экологиялық акция өтті

Өскеменде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Қала көркін сақтайық!» жастар акциясы өтті. Игі шара барысында еріктілер мен студент жастар қаладағы «Сәулетай» саябағының аумағын тазартты.
«Сәулетай» саябағы – тұрғындар жиі серуендейтін, балалардың ойын-күлкісі үзілмейтін шаһардағы танымал демалыс орындарының бірі. Көктем мен жаз айларында мұнда келушілер саны артып, отбасылық тынығу орнына айналады.
Экологиялық акцияға Жастар ресурстық орталығының еріктілері, қалалық волонтерлер фронт-офисінің мүшелері мен студенттер белсенді қатысты. Олар саябақ аумағындағы қоқыстарды жинап, қураған бұтақтарды тазартты. Сондай-ақ, балалар ойын алаңдары мен ашық аспан астындағы жаттығу құрылғыларын шаң-тозаңнан тазартып, ретке келтірді.
– Біздің басты мақсатымыз – қала тазалығын сақтау, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және жастарды экологиялық мәдениетке баулу, – дейді Өскемен жоғары медициналық колледжінің студенті, ерікті Байдаулет Әшімов.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға да ықпал ететінін атап өтті.



