Ұлытау облысында табиғи монополияларды реттеу саласындағы 2026 жылдың І тоқсаны қорытындыланды

2026 жылғы 26 мамырда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Жүнісбеков Дәуір Қойшығарұлының қатысуымен «ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің 2026 жылғы 1 тоқсан жұмыс қорытындысы туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Брифинг барысында Департаменттің табиғи монополиялар саласындағы атқарылған жұмыстары, тарифтік саясат, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету бағыттары бойынша негізгі көрсеткіштері баяндалды.
Бүгінде Департамент 15 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Реттеліп көрсетілетін қызметтердің жалпы саны – 39. Оның ішінде су және сарқынды су жүйесі саласында – 20 қызмет, электр энергетикасы саласында – 5 қызмет, жылумен жабдықтау саласында – 13 қызмет және кірме жолдар саласында – 1 қызмет көрсетіледі.
5 табиғи монополия субъектісі бес жылдық ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді. Аталған субъектілердің инвестициялық бағдарламалары негізгі құралдарды жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған. Инвестициялардың жалпы көлемі 47,3 млрд теңгені құрайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Департаментке табиғи монополия субъектілері мен қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен 244 өтініш, өтінім және ақпарат келіп түсті. Оның ішінде 47 өтінім бекітіліп, 30 өтінім бойынша бас тарту шешімі қабылданған.
Сондай-ақ, тарифтерді бекіту және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын талқылау мақсатында 10 жария тыңдау өткізілді. Тұтынушыларды тарифтік қаражаттың мақсатты пайдаланылуы жөнінде хабардар ету үшін 5 баспасөз туры ұйымдастырылды.
Брифинг барысында Департамент тарапынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 5 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 9,8 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, Департамент жыл басынан бері 12 қоғамдық қабылдау өткізіп, мемлекеттік қызмет көрсету бағытында 5 қызмет түрін электронды форматта жүзеге асырып келеді.
Брифинг соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріліп, табиғи монополиялар саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.



