Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ МАУСЫМАРАЛЫҚ КЕЗЕҢДЕ ЕЛДІҢ КӨКӨНІС ӨНІМДЕРІНЕ ДЕГЕН СҰРАНЫСЫНЫҢ 45 ПАЙЫЗЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

 

Түркістан облысы Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда, әсіресе жылыжай шаруашылығын өркендетуде жетекші өңірлердің бірі болып табылады. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен агроөнеркәсіптік әлеуеті жыл бойы көкөніс өнімдерін өндіруге қолайлы жағдай жасап, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде Түркістан облысы аумағында республикадағы барлық жылыжайлардың 72 пайызы шоғырланған. Жалпы өңірде 3 366 жылыжай кешені жұмыс істейді, олардың жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайды. Оның ішінде 17 өнеркәсіптік үлгідегі ірі жылыжайдың жалпы аумағы 62,5 гектарды құраса, 3 503 фермерлік жылыжай 944,2 гектар аумақта орналасқан. Бұл көрсеткіштер облыстағы жылыжай шаруашылығының құрылымдық тұрғыдан дамығанын және шағын әрі ірі шаруашылықтардың қатар жұмыс істеп отырғанын көрсетеді.

Өткен жылы Түркістан облысында жалпы көлемі 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Бұл өнімдер республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, әсіресе маусымаралық кезеңде ішкі нарықтағы сұраныстың 45 пайызын жабуға мүмкіндік берді. Осылайша өңір жылыжай шаруашылықтары еліміз бойынша көкөніс өнімдерінің тұрақты жеткізілуінде стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, табиғи газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау тетігі енгізілген. Бұл ретте өнеркәсіптік жылыжайларға гектарына 4,8 миллион теңге, ал фермерлік жылыжайларға гектарына 8,1 миллион теңге көлемінде субсидия төленеді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамытуға қолдау көрсету, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Соған қарамастан, қазіргі уақытта отандық жылыжай шаруашылықтары бірқатар экономикалық қиындықтар мен бәсекелестік қысымға тап болып отыр. Көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдерінде көкөніс өнімдерін өндіру құнының төмен болуы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының кең ауқымды қолданылуы ішкі нарықтағы баға бәсекелестігін күшейтіп отыр. Соның салдарынан отандық өндірушілер кейбір жағдайларда өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болуда. Бұл жағдай кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруы, инвестициялық белсенділіктің төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы сияқты тәуекелдерді туындатуы мүмкін.

Сонымен бірге, Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылықтары ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Өңір диқандары маусымаралық кезеңде халық сұранысын толық өтеуге мүмкіндік беретін өндірістік әлеуетке ие, бұл өз кезегінде елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Осы бағытта Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы және өңірдегі шаруа қожалықтары әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстана отырып, өзара келісімдерге келген. Аталған меморандум аясында олар маусымаралық кезеңде, әсіресе сәуір мен мамыр айларында, ел халқының көкөніс өнімдеріне деген сұранысын толық қамтамасыз ету, ішкі нарықтағы бағаны тұрақты әрі қолжетімді деңгейде сақтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізсіз қымбаттауына жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдаған. Сондай-ақ отандық өнімді үздіксіз жеткізу және нарықтағы тұрақтылықты сақтау бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Осыған байланысты отандық тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметіне бірқатар маусымдық шараларды қарастыру жөнінде ұсыныстар енгізілуде. Атап айтқанда, сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден импортталатын көкөніс өнімдеріне қатысты кедендік баж салығы мөлшерін қайта қарау, сондай-ақ маусымаралық кезеңде импортқа сандық шектеулер (квоталар) енгізу мүмкіндігі ұсынылып отыр.

Мамандардың пікірінше, аталған шаралар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға, отандық өндірісті қолдауға, ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға оң әсерін тигізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button