Қызылордада «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында форум өтті

Қызылорда қаласында «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелеріне арналған кең ауқымды форум өтті. Аталған іс-шара өңірдегі тұрғын үй саясатын жетілдіру, көпқабатты үйлерді басқару сапасын арттыру және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталды.
Форумға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, сондай-ақ сала мамандары мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Жиында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін реформалау, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жетілдіру, коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттыру және тұрғындардың белсенділігін күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар саладағы түйткілді мәселелерді шешудің нақты тетіктерін қарастырып, ұсыныстарымен бөлісті.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – тұрғындарға сапалы инфрақұрылым мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы іске қосылып, қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Тұрғын үй қорын жаңарту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жыл ішінде 3 млрд 500 млн теңгеге 65 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстары барысында шатырлар, инженерлік жүйелер, кіреберістер және жалпы үй инфрақұрылымы жаңартылды.
Сонымен қатар 1 млрд 775 млн теңгеге 60 ескі көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбеттері жаңартылып, заманауи архитектуралық панельдермен қапталды. Бұл қала келбетінің айтарлықтай жаңаруына ықпал етті.
Қазіргі уақытта қосымша 70 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар кезең-кезеңімен аяқталып, тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз баспана жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аулаларды абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Демеушілік қаражат есебінен қала аумағында 80-ге жуық спорт және балалар ойын алаңдары салынды. Бұл алаңдар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және балалардың қауіпсіз ойнауына жағдай жасап отыр.
Форум барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен сөз болды. Елді мекендерді абаттандыру, қоқыс жүйесін реттеу, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Қала мен ауылдарда жаңа жасыл аймақтар құрылып, қоғамдық орындар жаңартылуда.
Қызылордада соңғы жылдары экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға тек мемлекеттік органдар ғана емес, тұрғындар мен еріктілер де белсенді қатысуда.
Форумда сөз алған Ержан Жұматұлы тұрғын үй саясатын жаңғырту – ел дамуының маңызды бағыты екенін атап өтті. Ол партияның бұл бағыттағы бастамалары тұрғындардың мәселесін жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Мархабат Жайымбетов тұрғын үй-коммуналдық саланы цифрландыру, басқару жүйесін ашық ету және тұрғындардың пікірін ескеру қажеттігін айтты.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Тұрсынбайұлы саланы дамытудағы жаңа реформаларға тоқталып, көппәтерлі үйлерді басқарудың заманауи үлгілері енгізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ департамент директоры Марғұлан Жеңісұлы халықаралық тәжірибе мен цифрлық шешімдердің маңызына тоқталды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинұлы өңірдегі нақты жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Сәбитұлы қалада тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта да аулаларды жаңарту, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жалғасады.
Пәтер иелері ассоциациясының Қызылорда қаласы бойынша төрайымы Ілімжаухар Кеңесқызы тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелер мен ұсыныстарды жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту, басқару жүйесін жетілдіру және тұрғындардың сенімін арттыру бағытында бірлескен жұмыс жалғасуы қажет екенін атап өтті.



