Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық байланыс арқылы қатысты.

Күн тәртібінде ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Бағдарлама аясында өңірлерде тазалық жұмыстарын күшейту, қоғамдық орындарды жаңарту және жасыл аймақтарды көбейту бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл жұмыстар тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана емес, сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен де жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде қала мен елді мекендерде жаңа демалыс орындары пайда болып, балалар және спорт алаңдары салынуда, көшелер мен аулалар абаттандырылып жатыр.

Қызылорда қаласында орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылды. Бұл орындар қазір қала тұрғындары мен қонақтары көп баратын қоғамдық кеңістіктерге айналды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа экологиялық аймақ – Президент саябағы салынды. Оның жалпы аумағы 31 гектарды құрайды. Саябақта субұрқақтар жүйесі, амфитеатр, балалар мен спорт алаңдары, веложолдар, жаяу жүргіншілер жолдары және демалыс аймақтары қарастырылған.

Саябақ аумағына мыңдаған ағаш көшеттері, сәндік бұталар мен гүлдер отырғызылып, аумақ толық көгалдандырылған. Қазіргі таңда бұл жер қаладағы ең ірі және заманауи демалыс орындарының біріне айналып отыр.

Сонымен қатар саябақ аумағында балалар лагері мен ботаникалық білім беру орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл орталықтар балалардың экологиялық білімін арттыруға және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарлама тек қалада емес, облыстың барлық аудандарында да қарқынды жүріп жатыр. Жаңа аллеялар мен демалыс орындары салынып, көшелер жарықтандырылып, қоғамдық кеңістіктер жаңартылуда.

Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы және Жалағаш аудандарында бірқатар жаңа саябақтар мен аллеялар салынды. Ауылдар мен елді мекендерде де абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Қалдықтарды басқару саласында да нақты нәтижелер бар. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату бағытында 9 жоба іске асырылып жатыр. Қызылорда қаласында шетелдік компаниялардың қатысуымен қалдық өңдеу саласында 2 ірі жоба басталды.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қалалар мен ауылдарды көркейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button