Жаңалықтар

Ұлытау облысында Қазақстандағы волонтерліктің дамуы талқыланды

Бүгін Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасында волонтерліктің дамуы туралы» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде сөз сөйлеген Досымбетов Айбек Аяпбергенұлы еліміздегі волонтерлік қозғалыстың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндады.

Брифинг барысында соңғы алты жылда Қазақстанда волонтерлік қызметтің тұрақты өсім көрсетіп келе жатқаны атап өтілді. Волонтерлік азаматтық қоғамды нығайтудың және әлеуметтік мәселелерді шешуге азаматтарды тартудың маңызды құралына айналды.

Спикердің мәліметінше, 2020 жылы елімізде 224 волонтерлік ұйым жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 810-ға жеткен. Сонымен қатар белсенді волонтерлер саны 50 мыңнан 300 мың адамға дейін өсіп, алты еседен астам артқан.

Ұлттық волонтерлік желі қызметіне жыл сайын 60 мыңнан астам волонтер тартылуда. Волонтерлік саланы дамытудың негізгі бағыттары қатарында өңірлермен әріптестікті кеңейту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері бар.

Қазіргі таңда елімізде волонтерлікті дамытуға бағытталған 8 негізгі жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ волонтерлер санының артуы, түрлі жас топтарының қатысу ауқымының кеңеюі және колл-орталықтарға түсетін өтініштердің көбеюі саланың оң динамикасын көрсетеді.

Волонтерлердің еңбегін ынталандыру және қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында 200-ден астам азамат «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.

Брифингте әдістемелік және аналитикалық қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстары, сондай-ақ қазақстандық волонтерлердің халықаралық бастамаларға белсенді қатысуы туралы да айтылды.

Қорытындылай келе, спикер волонтерлік қызметтің тек қайырымдылық пен көмек көрсетудің ғана емес, қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды әлеуметтік институтқа айналғанын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button