ШҚО Марқакөл ауданында жол және әлеуметтік инфрақұрылым белсенді түрде жақсаруда

Марқакөл ауданында жолдарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жергілікті биліктің басым бағыттарының қатарына енді. Биыл ауылдардағы инфрақұрылымды жаңартуға қомақты қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, саябақтар, алаңдар мен скверлерді абаттандыруға бағытталған 24 жобаны іске асыру үшін 308 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде Ұрынқай ауылын абаттандыру, Марқакөл, Қалжыр, Боран ауылдарындағы полигондарды қоршау, Марқакөл ауылындағы «Жеңіс» саябағына шағын сәулеттік нысандар (МАФ) орнату, аудан ауылдарын санитарлық тазалау және басқа да жұмыстар бар.
– Жаңаауыл, Игілік және Марқакөл ауылдарында балалар ойын алаңдарын салу бойынша үш жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 29 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал Ақбұлақ ауылында құны 20 миллион теңге болатын футбол алаңының құрылысы жүргізілуде, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сондай-ақ әкімдіктің мәліметінше, биыл аудандық бюджеттен жергілікті маңызы бар 170 шақырым автомобиль жолдарын жазғы күтіп ұстау мен шұңқырларды жөндеуге 156 миллион теңге қарастырылған. Қазақстан ауылына кіреберіс жолды жөндеуге 20 миллион теңге бөлініп, екі шақырым жол жөнделмек. Ұрынқай ауылындағы рекреациялық аймақты дамыту аясында тағы екі шақырым жолға ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.
– Омбы – Майқапшағай – Теректі – Игілік – Шеңгелді және Күршім – Қалжыр – Ақбұлақ – Қарой – Ашалы – Қайнарлы бағыттарындағы автомобиль жолдарын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленуде, – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Жергілікті әкімшіліктің негізгі мақсаттарының бірі – жаңадан салынған, жөнделген және әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету. Қазір Марқакөл ауылында орталық қазандық пен жылу желілерін салу жобасы әзірленуде. Сонымен қатар, «Марқакөл ауылының жылу желілерін реконструкциялау» жобасының ЖСҚ-сы дайындалған. Әкімдік дерегінше, жобаның жалпы құны 4,9 миллиард теңгені құрайды.
Аудан орталығы тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Орта-Теректі су қоймасы бөгетін қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда.
Туризм аудан дамуының басым салаларының бірі болып қала береді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 61 миллион теңгені құрайтын екі жоба мақұлданған. Оның 30 миллион теңгесі Ұрынқай ауылында қонақүй салуға, ал 31 миллион теңгесі демалыс базасын салуға бағытталады. ШҚО-ның үздік рекреациялық туристік аймағы ретінде Ұрынқай ауылы 200 миллион теңге көлемінде грант алды. Оның 100 миллион теңгесі инфрақұрылымды дамытуға бөлінген. Сонымен қатар «Марқакөл – Шығыстың інжу-маржаны» мәдени-көпшілік іс-шарасын өткізу және Қалжыр ауылында «МарқаFest» фестивалін ұйымдастыру жоспарланған.
Ауданда қоныс аударушыларды қабылдау жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Квота бойынша ауданға тоғыз отбасының қоныс аударуы мақұлданған. Қазір үш отбасы келіп, жаңа жерде қоныстанып үлгерді. Оның екеуі Марқакөл ауылына, біреуі Боран ауылына орналасты. Барлық қоныс аударушыларға біржолғы субсидиялар төленді.
– «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген 50 маманға көтерме жәрдемақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 21 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сонымен қатар, қаржыландыру жоспарына сәйкес, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 15 маманға жалпы сомасы 147 миллион теңге болатын бюджеттік несиелер беру көзделген.
– Көшелерді жарықтандыру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Төрт жобаны іске асыруға 20 миллион теңге бөлінді. Төсқайың, Шеңгелді, Ақжайлау және Марқакөл ауылдарының көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімдігі.
Ауданның денсаулық сақтау саласында да қарқынды даму байқалады. Аудандық аурухана ресми мәртебе мен лицензия алды. Қазір күрделі жөндеу жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері аудан тұрғындары «Taza Kazakhstan» акциясына белсенді қатысып, көшелер мен басқа да аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізді. Әкімдіктің атап өтуінше, атқарылған абаттандыру жұмыстары елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.



