banner
Жаңалықтар

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДАҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысына жұмыс сапармен келді. Алдымен Президент саябағы аумағында бой көтерген тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.

Жалпы құны 22 млрд теңге болатын жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Бас мердігер «Мелиоратор» серіктестігі 8,2 гектар аумаққа заманауи үлгідегі 15 тұрғын үй кешенін салды. Жоба бойынша 945 пәтер пайдалануға беріледі. Оның 135-і бір бөлмелі, 540-ы екі бөлмелі және 270-і үш бөлмелі. Кешен қазан айында табысталады.

Бұдан кейін Нұрлыбек Машбекұлы облыс орталығында 20 млрд. 61 млн теңгеге салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын көрді. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешен құрылысы 2025 жылы шілдеде басталған болатын. Мұнда 50 метрлік жүзу бассейні, халықаралық додаларды өткізуге арналған 2500 орындық зал, форумдар мен түрлі жиындарға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған.

Қазір мұнда әрлеу, металл конструкцияларын орнату, терезелер мен витраждарды монтаждау, инженерлік және электр желілерін жүргізу, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары қарқын алған.

Ғимараттың қасбеті заманауи сәулет үлгісімен безендіріліп, витражы берік шынымен қапталады. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық бейімделеді. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Құрылыс барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары жауапты сала мамандарына барлық жұмысты сапалы атқарып, белгіленген мерзімде аяқтауды, құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button