banner
Жаңалықтар

Өскеменде «Oskemen Open-2026» халықаралық шахмат фестивалі өз мәресіне жетті

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында өткен «Oskemen Open-2026» халықаралық шахмат фестивалі салтанатты түрде қорытындыланды. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған айтулы дода әлемнің түкпір-түкпірінен келген шахматшыларды бір алаңға жинап, халықаралық спорт күнтізбесіндегі маңызды жарыстардың біріне айналды. Биылғы фестиваль жоғары деңгейдегі ұйымдастырылуымен, қатысушылар құрамының мықтылығымен және тартысты ойындарымен ерекшеленді.

Фестиваль аясында екі турнир – Masters және Open санаттары бойынша жарыстар ұйымдастырылып, оған 16 мемлекеттен келген 199 спортшы қатысты. Бірнеше күнге созылған дода барысында барлығы 900-ге жуық партия ойналып, қатысушылар классикалық шахматтағы шеберліктерін сынға салды.

Ең беделді саналатын Masters турнирінің жеңімпазы атанып, 9 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені 24 жастағы халықаралық гроссмейстер Андрей Есипенко (FIDE) иеленді. Екінші орынға Полина Шувалова (FIDE) тұрақтаса, үшінші орынды Давид Паравян (FIDE) жеңіп алды.

Қазақстандық шахматшылар арасында ең жоғары нәтижені 17 жастағы Даниял Сапенов көрсетіп, жалпы есепте 12-орынға ие болды. Бұл нәтиже жас спортшының халықаралық деңгейдегі тәжірибелі қарсыластармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша алғашқы 15 орын иегерлері ғана емес, арнайы номинациялар бойынша үздік ойыншылар да марапатталды. Қазақстандық шахматшылар арасында Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат және Әлішер Сүлейменов үздік үштік ретінде танылды.

Сонымен қатар Максим Матлаков пен Денис Махнёв Эло рейтингі 2500–2599 санатындағы үздік ойыншылар атанса, Александр Усов пен Роман Кезин Эло 2400–2499 рейтингтік санатында үздік нәтиже көрсетті. Ал Эло 2300–2399 санатында Артём Бардык пен Назар Талғатов жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Әйелдер арасында Лия Құрманғалиева, Әсел Серікбай және Үндістаннан келген Шубхи Гупта үздік үштікке еніп, арнайы марапаттарға ие болды.

Masters турниріне әлемнің 16 елінен келген 77 шахматшы қатысты. Олардың қатарында 22 халықаралық гроссмейстер (GM), әйелдер арасындағы 1 халықаралық гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) болды. Мұндай жоғары деңгейдегі қатысушылар құрамы турнирдің халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Ал Open турнирінде 122 спортшы бақ сынады. Бұл жарыста Шымкент қаласының өкілі, 22 жастағы Әбілмансұр Әбділхаиыр жеңімпаз атанды. Екінші орынды Семей қаласының шахматшысы Арыстан Исанжулов иеленсе, үшінші орын Павлодар қаласының өкілі Владислав Малыгинге бұйырды.

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 50 миллион теңгені құрады. Оның ішінде Masters турниріне – 45 миллион теңге, Open турниріне 5 миллион теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш «Oskemen Open» турнирін Қазақстандағы ең ірі шахмат жарыстарының бірі ретінде тағы бір мәрте айқындай түсті.

Екі турнир де халықаралық шахмат федерациясының талаптарына сәйкес швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрды. Қатысушылар классикалық уақыт бақылауымен ойнады: әр партияға 90 минут уақыт беріліп, алғашқы жүрістен бастап әрбір жүріске қосымша 30 секундтан қосылып отырды.

«Oskemen Open-2026» турнирі ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогінің екінші кезеңі болып саналады. Ақшалай сыйақылардан бөлек, алғашқы 20 орын алған спортшылар Қазақстан Кубогінің жалпы есебіне рейтингтік ұпай жинады. Кубоктың үшінші, шешуші кезеңі 12–20 қазан аралығында Атырау қаласында өтеді. Ал финалдық кезең дәстүрлі түрде желтоқсан айында Астана қаласында ұйымдастырылады.

Өскеменде халықаралық шахмат фестивалі қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде турнир кәсіби шахматшылар үшін маңызды халықаралық алаңға айналып, Қазақстанда зияткерлік спорт түрлерін дамытуға, жас шахматшылардың тәжірибе жинақтауына және өңірдің халықаралық спорттық имиджін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

«Oskemen Open-2026» халықаралық фестивалі Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Турнирді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Үстел теннисі орталығы, Freedom компаниялар тобы, Grand Games, Grand Mobile, Kazzinc, Qyzyq, Arzu және Emil компаниялары қолдады. Осындай серіктестіктің арқасында жарыс жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, халықаралық спорт қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button