banner
Жаңалықтар

Зайсан жағалауының тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік

Әлеуметтік желілердегі жарияланымға байланысты Тарбағатай ауданы Байтөғас ауылының маңындағы Зайсан көлінің жағалау аумағының санитарлық жағдайына тексеру жүргізілді. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясында ұйымдастырылды.

 

Жаз мезгілінде Зайсан жағалауы өңір тұрғындары мен қонақтарының жаппай демалатын орындарының біріне айналады. Осыған байланысты аумақты абаттандырумен қатар, санитарлық талаптарды, экологиялық және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады.

 

Профилактикалық іс-шаралар барысында мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлер мен демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға аумақтың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды тиісті тәртіппен жинау және шығару, қоршаған ортаны ластауға жол бермеу, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

 

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған құқық бұзушылықтарға қатысты заңнамада көзделген шаралар қабылданды. 26 тұлғаға ескерту жасалып, тағы үш құқық бұзушыға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік айыппұл түріндегі шара қолданылды.

 

Сонымен қатар, басты назар тек бақылауға емес, аумақта тәртіп орнату бойынша бірлескен жұмыстарға да аударылды. Кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен жағалау аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Тұрмыстық қоқыс жиналып, қалдықтар шығарылды, жағалаудың жекелеген учаскелерін абаттандыру жұмыстары атқарылды.

 

Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға ұқыпты қарау және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» қағидаттарының, сондай-ақ белгіленген талаптарды сақтау мен қоғамдық кеңістікке жауапкершілікпен қарауды көздейтін «Заң мен тәртіп» бастамасының нақты жалғасы болып табылады.

 

Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар кәсіпкерлер, тұрғындар мен демалушылардың да атсалысуы маңызды. Табиғи аумақтардың тазалығын сақтау және демалыс үшін қауіпсіз жағдай жасау – баршамызға ортақ міндет.

 

Зайсан көлінің жағалау аумағының санитарлық жағдайына бақылау жұмыстары жалғасады. Тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарының орындалуы тұрақты бақылауда болады.

 

«Таза Қазақстан» – таза қоршаған орта, ал «Заң мен тәртіп» – белгіленген талаптарды сақтау мен ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button