
Астанада қоғамдық тәртіпті сақтау, қала тазалығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық шаралар жүріп жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елордадағы Триатлон паркінде арнайы рейд ұйымдастырылды.
Тәртіп сақшылары мен әкімдік өкілдері демалыс орындарына келушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық орындардағы тазалық талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті. Атап айтқанда, демалыстан кейін қоқысты бекітілген орындарға жинау, қоршаған ортаны ластамау және белгіленбеген аймақтарда от жақпау ережелері қатаң бақылауға алынды.
Алматы ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаеваның айтуынша, Жерұйық және Триатлон саябақтары сияқты халық көп жиналатын орындарда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Тұрғындардың кейде пикник кезінде ережелерді бұзып, артынан қоқыс қалдырып кететінін атап өткен маман осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін түсіндіру шараларының маңызы зор екенін жеткізді.
Өз кезегінде, Астана қаласы Алматы ауданы Полиция басқармасы №4 учаскелік полиция пунктінің аға инспекторы Нұралы Тәңірбергенов тәртіп бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Биылғы жылдың басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 2 691 адам, ал ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 30-дан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қалалық билік өкілдері мұндай профилактикалық іс-шаралар елорда аумағында тұрақты түрде жалғасатынын және қала тазалығы мен тәртібін сақтау әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.



