Жаңалықтар

ШҚО-да бұрын сотталған азамат түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған

Ұлттық ұлан кинологы мен ҚАЖ қызметкерлерінің қырағылығы заңсыз әрекеттің жолын кесті

 

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында бұрын сотталған азаматтың түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды лақтыру әрекеті дер кезінде тоқтатылды.

 

№18 түзеу мекемесіне іргелес аумақта қызмет атқарып жүрген Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің кинологы, ефрейтор Еламан Сапашев қызметтік иті «Рэммамен» бірге Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп бақылау жүргізген.

 

Қызмет барысында әскери қызметші мен ҚАЖ қызметкерлері қоршау маңында күдік тудырған азаматты байқайды. Ол түзеу мекемесінің аумағына белгісіз заттарды лақтыруға әрекеттенген. Кинологтың қырағылығы мен ҚАЖ қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында азаматтың заңсыз әрекеті дер кезінде тоқтатылды.

 

Тексеру барысында ұсталған азаматтың түзеу мекемесінің аумағына екі ұялы телефонды, ақ түсті капсулалар салынған құтыны, сондай-ақ шығу тегі белгісіз сұйықтық құйылған құтыны лақтырмақ болғаны анықталды.

 

Тыйым салынған заттар тәркіленіп, тиісті акт жасалды және әрі қарайғы тексеру үшін құзырлы органдарға тапсырылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлерінің Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлескен қызметі түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ал кинологтардың қызметтік иттерімен бірге атқаратын кезекшілігі күзетілетін нысандарға тыйым салынған заттардың заңсыз жеткізілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button