Ұлттық ұланда заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелері бойынша жедел желі іске қосылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында «Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламасы аясында Әскери полицияның жедел желісі іске қосылды. Бастама Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды.
Жаңа байланыс арнасы әскери қызметшілерден, азаматтық персоналдан және азаматтардан заңдылық пен құқықтық тәртіптің бұзылуына қатысты өтініштерді жедел қабылдауға арналған.
Жедел желі тәулік бойы жұмыс істейді. Өтініштерді телефон арқылы да, SMS хабарлама жолдау арқылы да беруге болады. Келіп түскен барлық өтініштер цифрлық есепке алу журналына тіркеледі. Бұл олардың қаралу барысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Хабарласу үшін төмендегі телефон нөмірлері қолжетімді:
* +7 708 703 36 36 — ұялы телефон;
* +7 (7172) 27 36 36 — қалалық телефон.
Жедел желінің іске қосылуы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, әскери тәртіпті нығайтуға, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілер мен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жаңа цифрлық құралды енгізу Ұлттық ұлан қызметін цифрландыру, өтініштерге жедел ден қою және әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы кезекті қадам болды.



