Жаңалықтар

ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫ ІС ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІНЕ ТӘУЕЛДІ БОЛМАУҒА ТИІС

Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған конституциялық құқығы – құқықтық мемлекеттің маңызды кепілдіктерінің бірі. Бұл қағидат азаматтарды әкімшілік жауаптылыққа тарту кезінде ерекше маңызға ие, өйткені кез келген әкімшілік жаза адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12 нормативтік қаулысы ерекше назар аударуға тұрарлық. Аталған қаулы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) жекелеген нормаларының конституциялылығын тексеру мәселесі бойынша қабылданған.

Қарау нысанасына ӘҚБтК-нің 811-бабының екінші бөлігі, 852-бабының бірінші бөлігі және 855-бабы үшінші бөлігінің 2) тармақшасы алынды. Бұл нормалар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қысқартылған іс жүргізу және қабылданған шешімдерді қайта қарау мәселелерін реттейді.

Қаралып отырған мәселенің мәні мынада: қолданыста болған құқықтық реттеуге сәйкес, әкімшілік айыппұл қысқартылған мерзімде ерікті түрде төленген жағдайда, іс мәні бойынша қаралды деп, ал адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп есептелген. Бұл ретте мұндай шешімді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау мүмкіндігі туралы мәселе туындаған.

Конституциялық Сот қысқартылған немесе жалпы іс жүргізу тәртібін таңдауды адамның өзі жүзеге асыратынына назар аударды. Сонымен бірге қысқартылған рәсімді қолдану азаматтың өз құқықтарын қорғауға қатысты конституциялық кепілдіктерінен айырылуына әкеп соқпауға тиіс.

Конституциялық Соттың маңызды құқықтық ұстанымы мынада: процестік заңнамада қысқартылған іс жүргізу шеңберінде қабылданған шешімді қайта қарау мүмкіндігі тікелей көрсетілмеуі мұндай құқықты шектеуге негіз бола алмайды.

Басқаша айтқанда, қысқартылған тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылған адам істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды талап ету мүмкіндігінен айырылмайды.

Бұл құқықтық ұстанымның құқық қолдану практикасы үшін маңызы зор. Мысалы, азамат қысқартылған іс жүргізу шеңберінде әкімшілік айыппұлды ерікті түрде төлегенімен, кейіннен істі дұрыс шешу үшін маңызды, бұрын белгісіз болған мән-жайлар анықталса, ол заңда белгіленген тәртіппен қабылданған шешімді қайта қарау туралы мәселе қоюға құқылы.

Осылайша, әкімшілік рәсімдерді оңайлату азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу есебінен жүзеге асырылмауға тиіс. Іс жүргізу нысанына қарамастан, мемлекеттік органдар заңдылықтың сақталуын, мән-жайлардың объективті қаралуын және бұзылған құқықтарды қорғаудың нақты мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

Прокуратура органдары үшін аталған нормативтік қаулы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықтың сақталуына қадағалау жүргізу кезінде ерекше маңызға ие.

Әкімшілік іс жүргізудің заңдылығын тексеру кезінде процестік талаптардың формальды сақталуына ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты кепілдіктерінің қамтамасыз етілуіне де назар аудару қажет. Олардың қатарында заңда көзделген жағдайларда қабылданған шешімдерге шағым жасау және оларды қайта қарау құқығы бар.

Заңнама нормаларын формальды түсіндіру азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге кедергі келтіретін жағдайларға жол бермеу аса маңызды.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12 нормативтік қаулысы мемлекеттің басымдығы заңды формальды түрде қолдану емес, оны әділ әрі конституциялық негізде іске асыру екенін тағы да растайды.

Әрбір азамат істі қарау тәртібіне қарамастан, өзінің құқықтары мен заңды мүдделері мемлекет қорғауында екеніне сенімді болуға тиіс.

Дәл осындай тәсіл қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады, құқық қолдану практикасының сапасын арттырады және «Заң мен тәртіп» қағидатын дәйекті түрде іске асыруға ықпал етеді.

 

Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12 нормативтік қаулысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button