Білім

Қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина дайындауға әзір екендерін айтты

Қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина жасауға дайын. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты мәлімдеді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі “Хабар 24” телеарнасына сілтеме жасап.

“Маймыл шешек вирусының Қазақстанға келу қаупі жоғары. Өйткені біздің туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка мен өзге де елдерге жиі барады. Сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ. Қауіпті вирус келе қалған жағдайда біз дайын болу керекпіз”, – деді биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов.

Клиникалық көрінісі бойынша маймыл шешек ерекше қауіпті табиғи шешекке өте ұқсас. Вирусты жұқтыру үшін науқас адаммен 4 сағат байланыста болу жеткілікті. Леспек Құтымбетовтың айтуынша, бұл вирус ел тұрғындарына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан ерте ме, кеш пе вакцина қажет болады.

“Біздің институт шешек вирустарымен көп жылдардан бері айналысады. Сондықтан тәжірибе жеткілікті. Мәселен, сиыр шешек және маймыл шешек бір топ десек, олардың арасында иммундық антигендік байланыс бар. Сондықтан бір вирус басқа вирусқа қарсы иммунитетті оңай құра алады. Мысалы, сиыр вирусының шешек ауруына қарсы иммунитетті құрудағы белсенділігі өте жоғары”, – деп толықтырды маман.

Мамандар маймыл шешек вирусына қарсы вакцинаны жарты жылдың ішінде жасап шығуға болады деп отыр.

“Егер сиыр вирусына негізделген вакцина болса онда, жеделдетілген түрде, ал ковид-19 кезіндегідей жұмыс істесек  алты айда вакцинаны дайындап шығуға болады. Одан кейін клиникаға дейінгі және  клиникалық сынақтар бар. Яғни Денсаулық сақтау министрлігіне де байланысты болады. Олар қаншалықты жылдам және бізге қаншалықты қолдау көрсетеді, мәселе сонда”, – деді ғалым.

Айта кетейік, маймыл шешегі байланыс және тамшылар арқылы дем шығарғанда берілуі мүмкін. Шешек жұқтырғандар көпшілігі бірнеше апта ішінде жазылады, бірақ ауру кезеңі 5-тен 21 күнге дейін өзгеруі мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button