Кейінгі бес жылда Қазақстанда медицина мамандарының тапшылығы екі есеге артып, 23,1 мыңға жетті. Бұл туралы Есеп комитеті Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу департаменті директорының орынбасары Нұрлан Катренов айтты, – деп хабарлайды degeneken.kz тілшісі.
Оның айтуынша, аудит қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблема мен кемшілік анықталған.
Біріншісі – медицина кадрларының тапшылығының артуы. Кейінгі бес жылда, 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін тапшылық екі есе – 10 мыңнан 23 мыңға дейін артты. Бүгінде осы мәселені шешу лауазымдарды біріктіру арқылы жүзеге асырылып отыр. Қазір толық емес жұмыс уақытының жалпы коэффициенті 1,5-тен 2-ге дейін өзгерді. Мұның бәрі медицина мамандарына үлкен жүктеме әкеледі, – деді Катренов Есеп комитетінің отырысы кезінде.
Оның айтуынша, аудит қорытындысы бойынша дәрігерлерге түсетін шағым саны артқаны байқалған. Спикер бұл жоғары жүктемеге байланысты екенін түсіндірді.
Сондай-ақ, медициналық білімі бар мамандардың шетелге кетуі жиілегені байқалады. Кейінгі бес жылда олардың саны 5 мыңға жетті. Сондай-ақ, медициналық білімі бар мамандар қартайып жатыр. Бүгінгі таңда зейнетке дейінгі жастағы дәрігерлер шамамен 30 пайызға жетті, – деді Нұрлан Катренов.