БастыДенсаулық

Алматыда донор қанына тапшылық жоқ

Алматы қаласының қан орталығы 16 тұрақты донорға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды degeneken.kz тілшісі.

Былтыр Алматы қаласындағы республикалық қан орталығында 11 мың литр қан және оның компоненттері жиналды.

Күн сайын қан орталығында 70-100 донор қабылданады. Бүгінде мекеме Алматы қаласы мен Алматы облысының 20-дан астам медицинақ ұйымына қызмет көрсетеді.

Орталық мамандарының ақпараты бойынша, қазіргі уақытта қалада қан тапшылығы жоқ. Орталықта заманауи жабдықтар орнатылған. Барлық әлемдік және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін донор қаны компоненттерін дайындаудың, тестілеудің және оның қосымша қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи әдістері енгізілген.

Жексенбіден басқа күндері қан орталығына сағат 08:00-ден 15:00 аралығында келіп, қан тапсырып, донор бола аласыз. Анықтама үшін 8 727 338 23 80 телефонына қоңырау соғуға болады,- деп хабарлады орталықтан.

Донор қан тапсырар алдында дұрыс тамақтануы және сұйықтықты көп ішуі керек. Бұл күні майлы, тұзды, қуырылған, ащы, ысталған тамақтарды, сондай-ақ сүт өнімдері мен жұмыртқа жемегені абзал. Тәтті шай, джем, нан, пісірілген жарма, макарон, шырындар, минералды су, көкөністер, жемістер жеген пайдалы.

18 жастан асқан кез келген сау адам, жынысы мен кәсібіне қарамастан, донор бола алады. Әрбір донор қан тапсырмас бұрын медициналық тексеруден өтеді. Қан тапсырғаннан кейін де, көп жылдар өтсе де донорларға жүргізілген сауалнамалар олардың денсаулықтарында ешқандай ауытқуларды анықтаған жоқ. Сонымен қатар ішімдік және құрамында аспирин мен анальгетигі бар дәрі-дәрмектерді ішуге болмайды. Қан тапсыратын күні таңғы ас ішу керек. Қан тапсырардан бір сағат бұрын темекі шегуден бас тартқан абзал, – деп атап өтті қан орталығынан.

Қан орталығының мәліметінше, қан доноры болу – ерікті шара. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Одан бөлек, ұдайы түрде қан өткізіп отыру арқылы адамдар өз өмірін 5-7 жылға ұзартады.

Дүниежүзілік донор күніне орай, үнемі қан тапсыратын 16 донор орталықтан алғыс хат пен естелік сыйлықтар алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button