Спорт

Тастанбек Есентаев қызметінен кете ме?

«Астананың» кешегі Польшадағы жеңілісі футбол сүйер қауымға жаңалық болмады. Өйткені команданың ойын болатын жерге әупірімдеп жүріп жеткені туралы көп айтылды, көп жазылды.

Кешегі «Рукавпен» болғанда ойында футболшыларды сынауға хақымыз бар ма? Әрине, жоқ. Түнімен ұйықтамай, ойын алдында дұрыс тынықпаған аяқдопшылардан басқа нәтиже күту артық болар еді.

Енді осы Еуропадағы мазақ болған жағдайға кім кінәлі? Бірінші кезекте клуб басшылығы. «Астана» футбол клубының бас директор Тастанбек Есентаев және атқарушы директоры Санжар Сейітқазинов. Дәл осы екі адам ойыншылардың Польшаға ертерек аман-есен жетуін қамтамасыз етуі керек еді. Осы екі тұлға кешегі чартермен болған жағдайды, ойындағы нәтижені көпшілікке түсіндірді ме? Жоқ.

2018 жылы «Астана» «Ақжайықтан» 0:3 есебімен ұтылғанда сол кездегі клубтың президенті Саян Хамитжанов кінәні өз мойнына алған еді. Өйткені команда ақша үнемдеу үшін чартермен ұшпай, ыңғайсыз бағытта ұшуды таңдап алған еді. Соның кесірінен ойыншылар ойын алдындағы түнде көз ілмей, алаңда «ұйықтап» жүріп, қарсыласынан ұтылған. Бұл жерде біз Саян Хамитжанов мырзаны пір тұтып отырған жоқпыз. Тек оның жауапкершілікті өз мойнына ала алатынын айтқымыз келеді.

Клуб басшылығының тағы бір «ерлігі» естеріңізде ме? Биылғы ел чемпионатының алғашқы турында «Астана» «Шахтермен» тең түскен еді. Алайда артынан елордалық командаға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс берілді. Өйткені алаңда қазақстандық футболдың тәрбиеленушісі болып саналмайтын жеті ойыншы алаңға шығып кеткен еді. Сол кезде команданың бас бапкері Срджан Благоевич кінәні өз мойнына алған. Қалай дегенмен бұл да команда басшылығының салғырттығын көрсететіні анық.

«Астана» сіз бен біздің салығымыздан қаржыландырылатын ұмытпайық. Кейбір дереккөздер «Астананың» бюджеті 4,5 млрд теңге екенін айтып жатыр. Сондықтан да Тастанбек Құтжановтың өз орнын босатуын талап етуге біздің құқықымыз бар.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Тастанбек Есентаевты жиналысқа шақырады деген сыбыс шықты. Мүмкін Үкімет басындағылар «Астана» басшылығын тәртіпке келтіре алатын шығар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button