Ауданда «Білім-инновация» жанынан жекеменшік мектеп-интернатының ашылуы жоспарлануда
Ағымдағы жылы ауданда бірнеше жекеменшік мектептердің құрылыстары бой көтеруде. Осы мектептерге 12 мыңнан аса бала қамтылатын болады.
Солардың ішінде ауданда алғаш рет жаңа жобадағы жекеменшік мектеп-интернаты ашылғалы тұр.
Серіктестіктің қабылдау шарттарына байланысты облыс аумағындағы балалар өтінішін білдіре отырып, емтихан сынақтарына қатысу мүмкіншілігі бар. Негізгі талаптардың ішінде балалардың пәндік білімдерінің жоғары нәтижесі көрсетілген жағдайда қабылданатын болады.
Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек Датқа ауылының аумағынан «Білім-Инновация» лицей-интернаты жанынан «GREEN SCHOOL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектеп-интернатының құрылысын жүргізуде. Сыйымдылығы 600 орындық. Жер көлемі 1,14 гектарды құрайды. Құрылыс жобасында оқыту бөлмелерінен бөлек, жатақхана және спорт кешенінің құрылыстары енген. Нысанда 100-ге жуық жұмысшы орны ашылмақ. Негізгі және жалпы орта білім беру қызметі көрсетілмек. Мектептің айналасын жасыл желекке айналдыру, балаларды дамыта оқыту және балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін үйірмелер ашу мәселелері қарастырылуда.
Аталған білім бері ұясын Сайрам ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз, ақын Тленшина Баян Керімқызы басқаратын болады.
Аудан әкімі аралау барысында ғимараттың құрылыс нысанымен және алдағы жоспарымен таныса отырып, өзінің оң пікірін білдірді.
Нысанның ашылу уақыты 2022 жылдың қыркүйек айына жоспарлануда.